Конституциялық реформа мәселелері бойынша халықпен диалог

Конституциялық реформа мәселелері бойынша халықпен диалог

Бүгін алдағы Жалпыұлттық референдум мен Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын түсіндіру науқаны аясында Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Б. Жүсіпов жұмыс сапарымен Шортанды ауданының жұртшылығымен кездесті.

Кездесуге Ақмола облыстық мәслихатының депутаты А. Мұхамедьяев, Ақмола облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі И. Жукова, Шортанды аудандық мәслихаты төрағасының міндетін уақытша атқарушы Ғ. Даитова, аудандық мәслихаттың депутаты Е. Васильева, сондай-ақ аудандық мәслихат аппаратының басшысы С. Әкімжанова қатысты.

Жұмыс бағдарламасы Дамса ауылдық округінің активімен кездесуден басталды. Ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері туралы жан-жақты мәлімет берілді.

Бейбіт Айтымұлы ұсынылып отырған өзгерістер Негізгі заңның 80 пайыздан астам бабын қамтитынын және мәні жағынан мемлекеттік құрылымның жаңа архитектурасын қалыптастыратынын атап өтті. Ерекше назар Парламентті бір палаталы құрылымға – Құрылтайға көшіруге, саяси партиялардың рөлін күшейтуге, өлім жазасына абсолюттік тыйымды бекітуге, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейтуге, сондай-ақ өңірлер мен мәслихаттардың мәртебесін нығайтуға аударылды.

Ашық диалог форматында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті түсіндірмелер алды. Қатысушылар сот жүйесін реформалау, Конституциялық сот институтын күшейту, азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қорғау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелеріне ерекше қызығушылық танытты. Сонымен қатар, округ тұрғыны В. Романчук ауылдағы ең өзекті мәселелердің бірі – бастапқы мақсаты бойынша пайдаланылмай отырған Дамса ауылындағы жекеменшік спорт кешенін мемлекет меншігіне сатып алу мәселесін көтерді.

Бұдан кейін жұмыс сапары Бозайғыр ауылдық округінде жалғасты.

Жоғары техникалық колледжде сөйлеген сөзінде Б. Жүсіпов жаңа Конституция жобасы әділеттілік, заң және тәртіп құндылықтарын бекітетінін, сондай-ақ адами капиталды, ғылым мен инновацияны дамытуға бағытталғанын атап өтті. Азаматтардың талқылауға және дауыс беруге белсенді қатысуы жүргізіліп жатқан реформалардың маңызды қадамы екені айтылды.

Кездесу барысында Бозайғыр ауылының тұрғыны Т. Хамзин ұзақ уақыттан бері шешімін күтіп отырған бірқатар мәселелерді көтерді: «Астана – Бозайғыр – Төңкеріс – Астана» бағыты бойынша №329 рейстік автобусының аялдамасын көшіру, ауылішілік жолдарға күрделі жөндеу жүргізу және жаңа мектеп салу. Барлық мәселелер жергілікті өкілді орган басшысының жеке бақылауына алынды.

Кездесу соңында облыстық және аудандық депутаттық корпус өкілдері аудан тұрғындарын белсенді азаматтық ұстаным танытып, 2026 жылғы 15 наурызда өтетін жалпыұлттық Референдумға қатысуға шақырды.



Аудандық мәслихаттың баспасөз орталығы