
2025 жылғы 19 желтоқсанында аудандық мәслихатта аудандық мәслихаттың төрағасы Г. Сәдуақасованың төрағалығымен сегізінші шақырылымның Шортанды аудандық мәслихатының кезекті XLVI сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудандық және облыстық мәслихаттардың депутаттары, Шортанды ауданының әкімі С. Шабаров, аудан әкімінің орынбасарлары, қоғамдық кеңестің мүшелері, дербес бөлімдер мен мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі сұрағы 2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджетті қарастыру болды. Аталған мәселе бойынша ауданның «Экономика және қаржы бөлімі» ММ басшысы Ж. Мұнтаева баяндама жасады. Ол 3 жылдық бюджет жобасының негізгі параметрлерімен, шығыстардың бағыттарымен, сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мәселелерімен таныстырды.
Аудандық мәслихаттың бюджет, әлеуметтік-экономикалық даму, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, кәсіпкерлік және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының қорытындысымен аудандық бюджет жобасы бойынша жарыссөзде аудандық мәслихаттың депутаты Е. Васильева сөз сөйледі.
Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар енгізілген ұсыныстарды ескере отырып, 2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджетті бір дауыспен бекітті.
Күн тәртібіндегі екінші сұрағы Шортанды аудандық мәслихатының 2024 жылғы 27 наурыздағы № 8С-16/6 «Мөлшерлеме мөлшерін төмендету туралы» шешімінің 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің қолданысқа енгізілуіне байланысты күші жойылды деп тану болды.
Бұдан әрі аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына шығарылатын негізгі мәселелер бекітілді. Олардың ішінде - кенттер мен ауылдық округтердің 2026-2028 жылдарға арналған бюджеттерін бекіту, сондай-ақ аудандық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияларының жұмысы туралы есеп.
Талқылау барысында келесі сөз Шортанды ауданының әкімі Сағындық Серікбайұлы Шабаровқа берілді, ол бюджетті тиімді іске асыру жөніндегі негізгі міндеттерді белгілеп, оның әлеуметтік бағытын атап өтті.
Сессияның аяқталу барысында жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған тиісті ұсыныстар мен шешімдер қабылданды.
Аудандық мәслихаттың баспасөз орталығы