Шортанды ауданында экономиканы дамытуға, өмір сапасын арттыруға және әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың 20 маусымында Шортанды аудандық мәслихатының депутаттары құрылыс және аяқталу сатысындағы бірқатар маңызды нысандарды аралады. Іссапар аясында олар негізгі жобалардағы жұмыс барысымен танысты.
Іссапар барысында бірінші нысан – Дамса ауылындағы салынып жатқан блок-модульді қазандық болды. Жоба биылғы сәуір айында ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тапсырысымен басталған. Жобаның мердігері – «Комфортстрой-LC» ЖШС. Жұмыстардың жалпы құны 603 млн. теңгеден асады. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде, қазандықтың іске қосылуы 2025 жылғы қыркүйегіне жоспарланған. Жаңа қазандық ауылдағы әлеуметтік және тұрғын үй нысандарын тұрақты жылумен қамтамасыз етеді.
Келесі нысан – «Дамсинская» бөгетін қайта жаңарту жұмыстары болды. Жоба 2024 жылғы қыркүйектен бастап Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы жүзеге асырылуда. Бас мердігер – «Qazakg Union» ЖШС. Жоба аясында жаңа шлюздер салу және бұрынғы су ағызу жүйесін консервациялау қарастырылған. Жалпы құны 1 млрд. теңгеден асады. Жаңарту жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланған. Бөгеттің жаңартылған түрі су шаруашылығы жүйесінің сенімділігін арттырып, маусымдық су тасқыны қауптерін азайтады.
Ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруда маңызды жоба – Төнкеріс станциясында салынып жатқан кірпіш зауыты. Жобаны «Бозайгыр» ЖШС жеке компаниясы жүзеге асыруда, жалпы құны 5 млрд. теңгені құрайды. Кәсіпорын директоры Шатлык Иминовтың айтуынша, зауыт жылына 110 млн. кірпіш өндіре алады. 100-ге жуық жұмыс орны ашылады, орташа жалақы – 350 000 теңге. Қазіргі таңда жер қазу және монтаж жұмыстары жүргізілуде, технологиялық жабдықтарды жеткізу күтілуде.
Келесі нысан – Бозайғыр ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Бұл кешен жергілікті тұрғындарды спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Мерей Серікболдың айтуынша, жобаның жалпы құны – 1,29 млрд. теңге. Қазір әрлеу жұмыстары, инженерлік желілерді орнату және аумақты абаттандыру жүргізілуде. Кешен 2025 жылғы қарашада пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Іссапардың соңғы нысаны – Астана қаласының жасыл белдеуінде, Бозайғыр ауылында орналасқан ірі орман тәлімбағы болды. Жобаны «Қазақстан Орманы» ЖШС жүзеге асыруда. Бұл – ТМД елдеріндегі теңдесі жоқ жоба. Инвестиция көлемі шамамен 6,5 млрд. теңгені құрайды, аумағы – 485 га дейін. Қазіргі таңда тәлімбақта 80 га астам аумақта тамшылатып суару жүйесі, 12 мың текше метр су жинайтын қойма және 800 000 - нан астам көшет бар.
Жоба қалаларды көгалдандыру мен орманды қалпына келтіруге арналған 100 миллионға дейінгі көшеттер өсіруге бағытталған. Бұл жоба Қазақстанның экологиялық және климаттық күн тәртібін ілгерілетуге елеулі үлес қосады. Сонымен қатар, аудан әкімдігі жақын маңда сүт өңдеу зауытын салу үшін 7–10 га жер учаскесін бөлу мүмкіндігін қарастыруда.
Депутаттар өсімдіктерді өсіру жағдайларымен, сорттық құрамымен және өндірісті кеңейту келешегімен танысты. Жобаны іске асыру ауданның жасыл инфрақұрылымын қалыптастыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.
Жалпы, нысандарды аралау барысында Шортанды ауданы жаңғыру мен тұрақты даму жолымен сенімді түрде ілгерілеп келе жатқаны байқалды. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың ерекшелігі – олардың кешенділігі, яғни энергетика, су шаруашылығы, өнеркәсіп және спорт сияқты негізгі салаларды қамтуы. Мұндай жобаларды іске асыру барысын мәслихат депутаттарының ашық және белсенді бақылауы инвестициялардың тиімділігін арттыруға және халық сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Аудандық мәслихаттың баспасөз қызметі