
13 ақпан 2026 жылы Шардара аудандық мәдениет сарайында 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылғанына 37 жыл және Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыстан қазақстандық жауынгерлердің шығарылғанына 25 жыл толуына орай аудандық салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға Ауған соғысы мен басқа да шетелдік әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлер, әскери құрылым өкілдері, аудан тұрғындары және қонақтар қатысты. Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен ашылды.
Салтанатты жиында баяндама жасап, құттықтау сөз сөйлеген аудандық мәслихат төрағасының кеңесшісі Бекмуратов Рахымжан Бердібекұлы Ауған соғысы жылдарындағы жауынгерлердің ерлігі мен ел алдындағы қызметін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін ұғындыруда ардагерлердің тағылымды жолы мен өмірлік тәжірибесінің маңызы зор екенін жеткізді.
Іс-шара барысында Ауған соғысының тарихы мен оның тағылымы кеңінен сөз болды. 1979–1989 жылдар аралығында Ауғанстандағы әскери қимылдарға Шардара ауданынан 66 жауынгер аттанса, 1992–2001 жылдары Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығысқа ауданнан 24 жерлесіміз қатысып, ел намысын қорғады. Олардың ерлігі – өскелең ұрпаққа үлгі, тарихта өшпес із болып қалары сөзсіз.
Жиын барысында отты жылдары қаза тапқан жауынгерлердің рухына бір минут үнсіздік жарияланды. Сондай-ақ ардагерлерге құрмет көрсетіліп, бірқатар азаматтар алғыс хаттармен және мерейтойлық медальдармен марапатталды.
Салтанатты шарада патриоттық әндер орындалып, ардагерлерге арналған жүрекжарды лебіздер айтылды. Іс-шара соңында бейбіт өмірдің бағасын білуге, ел бірлігі мен тыныштығын сақтауға үндейтін тілектер білдірілді.
Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі мен батырлығы – халық жадында мәңгі сақталады. Шардара аудандық мәслихат аппаратының баспасөз қызметі.