Өткен аптада мәслихат төрағасы Қ.Балмағамбетовтың қатысуымен тұрақты комиссиялардың кеңейтілген отырысы өтті, онда «Сәтбаев қаласында кәсіпкерлікті қолдау және дамыту шараларының тиімділігі туралы» және «Сәтбаев қаласында дене шынықтыру мен спорттың жай-күйі және оны дамыту жөніндегі шаралар туралы» мәселелер қаралды. «Сәтбаев қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ басшысының м.а. А.Маманованың баяндамасына сәйкес Сәтбаев қаласы бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2025 жылғы 1 наурызға 4592 бірлікті құрады (оның ішінде: заңды тұлғалар 275 бірлік, жеке кәсіпкерлер 3853 бірлік, шаруа қожалықтары 114 бірлік). ШОБ саласында 6703 адам жұмыспен қамтылған. Қалада кәсіпкерлерді қолдаудың түрлі бағдарламалары жүзеге асырылуда. Мемлекет ұсынатын жеңілдікті несиелер мен гранттар кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді. Бұдан әрі депутаттар «Сәтбаев қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ басшысы Н.Тобағұловтың есебін тыңдады, қалада спортпен шұғылдану үшін тиісті инфрақұрылым бар, дене шынықтыру мен спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Мәселелерді қарау қорытындысы бойынша мемлекеттік мекеме басшыларына қызметті жақсарту бойынша ұсыныстар берілді.