
Мәслихат төрағасы Қайрат Балмағамбетовтың басшылығымен жергілікті өкілді орган депутаттары қала өмірінің маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерін қарады. Күн тәртібіне сәйкес алғашқы мәселе бойынша қала тұрғындарын қолжетімді және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету жайы талқыланды. Бұл бағытта «Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы» ММ басшысының м.а С.С.Ниязова баяндама жасап, қаладағы медициналық қызметтің жай-күйі мен алдағы міндеттерді атап өтті. Екінші мәселе бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шараларының орындалуы туралы мәселе қаралды. Аталған тақырыпта «Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ басшысының м.а Қ.Б. Ашықбаев баяндама жасап, әлеуметтік қолдау шараларының жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат берді. Сессия барысында қалалық мәслихат төрағасының атқарған жұмысы туралы есеп тыңдалды. Сонымен қатар, тұрғын үй қатынастары саласына қатысты нормативтік құжаттарға байланысты бірқатар мәселелер қаралды. Атап айтқанда, 2025 жылғы 18 сәуірдегі №193 шешімнің күші жойылды деп тану және тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы жаңа шешім қабылданды. Бұл мәселелер бойынша «Сәтбаев қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ басшысы Р.М. Атибеков баяндама жасады. Бұдан бөлек, Сәтбаев қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихаттың кейбір бірлескен қаулылары мен шешімдерінің күші жойылды деп тану, азаматтардың жекелеген санаттарының қала ішіндегі қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүруі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия құрамына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Сессия қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірқатар міндеттер айқындалды.
Сессияға қала әкімі М.Е.Бөрібаев, қала әкімінің орынбасарлары және мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Сессия барысы Facebook әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде жүргізілді.