2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес 2025 жылғы 29 қыркүйекте Әлеуметтік сала, құқықтық тәртіп және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері комиссия төрағасы Е.Б.Балмұқанның басшылығымен «Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Б.Т.Әпековтың мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған кедергісіз орта құру және оларды әлеуметтік қолдау жөніндегі есебін тыңдады.
Қалада халықтың аз қамтылған, әлеуметтік осал топтарына әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Сәтбаев қаласында 4039 мүгедектігі бар адам тіркелген. Мүгедектігі бар адамдарды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдар мемлекеттік қызметтермен қамтамасыз етіледі. Жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға, мүгедектігі бар балаларға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бойынша үш бөлімше жұмыс істейді, онда 157 жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға және 51 бала жастан мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсетіледі. Депутаттар мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған қолайлы орта жасау, олардың қоғамдық өмірге толыққанды қатысуын қамтамасыз ету мәселелерін басты назарға алды.