
Бүгін Сегізінші шақырылған Сарысу аудандық мәслихатының кезектен тыс 38-ші сессиясы өтті.
Сессия жұмысына Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркенов, Жаңатас қаласы мен ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлімдері және тиісті мекеме, кәсіпорын басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Сарысу аудандық мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы Онласын Мұқашовтың төрағалығымен өткен аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессияның күн тәртібіне ұсынылған: «Сарысу аудандық мәслихатының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы «2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» №36-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы», Сарысу аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» Сегізінші шақырылған Сарысу аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №16-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы туралы», «Сарысу ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрамын бекіту туралы» Сарысу аудандық мәслихатының 2023 жылғы 21 шілдедегі №6-8 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» және «Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия құрамын бекіту туралы» мәселелер бірлескен тұрақты комиссиялардың отырысында тыңдалып, жан-жақты талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге сәйкес, аудандық мәслихат депутаты Талғат Наханов алдағы уақытта бюджетке қаржы қарастыру барысында шалғай елді мекендердегі көшелерді жөндеуге тиісті қаржының бөлінуін назарға алуды, сонымен қатар баяндамаға сәйкес бірқатар мәселе бойынша қарастырылып отырған қаржыға толықтырып түсіндірме беруді ұсынып, басқа да бірқатар мәселелерді көтерді.
Көтерілген сұрақтар бойынша аудан әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркенов түсіндіріп, баяндамашы және тиісті мекеме басшыларының тарапынан жауаптары берілді.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаты Бауыржан Балғабай қала және ауылдық округтерінің әкімдеріне түнгі мезгілде автомобиль жолдарында жол көлік оқиғасының алдын алу мақсатында малға арналған шағылыстыратын таспа болу қажетті туралы мал иелерімен жұмыс жүргізуді ұсынды.
Бұл мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркенов аудан әкімі тарапынан қала және ауылдық округтердің әкімдеріне тапсырма беріліп отыратындығын атап өтіп, қала және ауылдық округтердің әкімдеріне аталған мәселе бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Күн тәртібіне ұсынылған басқа да мәселелер Сарысу аудандық мәслихатының депутаттары тарапынан мақұлданып, сессияда тиісті шешімдер қабылданды.