Қазақстан халқы тілдері күні

Қазақстан халқы тілдері күні

    Бүгін - Қазақстан халқы тілдері күні. Тіл - тәуелсіздігіміздің айғағы, қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, ең құнды байлығы - қатыныс құралы екендігі сөзсіз. Қазақ тілі - халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып отырған баға жетпес асыл мұрамыз. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақ тілі - қазақтың жаны! Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз»,- деп атап өткендей Қазақстан өзінің тәуелсіздік туын тіккен 35 жыл ішінде елімізде мемлекеттік тілдің жүйелі түрде дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді.

    Бұл күн қазақ тілі әліппесінің атасы, қазақ лингвистикасының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының туылған күнімен тұспа-тұс келуі де тегін емес. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы - тіл»,- деп ұлағатты сөз қалдырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туылған күні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай. Мемлекеттік тіліміз - еліміздің рухани негізі мен ел еркіндігі. Елімізді барша әлемге танытатын басты күштердің бірі әрі берегейі. Сондықтан ұлттық руханиятымыздың ұлықталып, арнайы бір күннің тіл мерекесі болып белгіленуі орынды.

    Қасиеті терең, құнары мол қазақ тілін өз мәнінде қолданып,                жат тілге тәуелді болмай болашақ жас ұрпаққа жеткізу азаматтық парызымыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Тіліміздің мәртебесі биік, абыройы асқақ болсын.