
23 маусым - Мемлекеттік қызметші және Полиция күні, сондай-ақ 24 маусым - Судья және сот жұмыскері күні.
Қандай да бір қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекеттік қызметтің алатын орны ерекше. Мемлекеттік мекемелеріміз - Мемлекет басшысы белгілеген еліміздің қалыптасуы мен республикамыздың дамуының стратегиялық бағыттарын жүз еге асырудың негізі болып табылады. Кез келген өркениетті елде мемлекеттік қызметшінің атқаратын рөлі ерекше. Ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу - жауапты міндет.
Сот жүйесі - мемлекетіміздің мүдделері мен азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың қамтамасыз етілуінің бірден-бір кепілі, аса маңызды миссияны атқаратын, тіректі саланың, маңызды құрамдас бөліктерінің бірі.
Халықтың қауіпсіздігін сақтап, еліне қорған болып жүрген полиция қызметкерлерінің қызметі қашан да қауырт. Түн ұйқысын бөліп, тұрғындардың тыныштығы мен бейбітшіліктің орнығуына сүбелі үлес қосып жүрген полиция өкілдеріне деген құрмет пен мәртебе бөлек.
Кәсіби мерекелерге орай ағымдағы жылы 23 маусым күні аудандық мәдениет үйінде «Елге қызмет – абыройлы міндет» атты салтанатты шара өтті.
Шараға Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов, Сарысу аудандық мәслихатының төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ринат Оразбайұлы, қала және ауылдық округ әкімдері, мекеме, кәсіпорындар және қала тұрғындары қатысты.
Мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік қызмет жүйесінің дамуы мен қалыптасуына қосқан зор үлесі мен жемісті еңбегі үшін және кәсіби мерекелерге орай бірқатар сала мамандарын Сарысу ауданының Құрмет грамотасы және Сарысу аудандық мәслихатының Алғыс хатымен марапаттады.
Мерекелік шараның соңы қазақ эстрадасының танымал әншісі Мөлдір Әуелбекованың қоңыр сазды әндерімен әнсүйер көпшілікке әндерін тартуымен және аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Талабы таудай мемлекеттік қызметшілердің алар асуы мен бағындырар белестері көп болмақ. Асқан жауапкершілікпен қатар, мықты төзімділікті талап ететін мемлекеттік қызметтің бағалануы да жоғары болмақ.