
Сарысу аудандық мәслихатының перспективалық жоспарындағы қаралған мәселелерге сәйкес аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық мәслихат депутаттары және мәслихат аппаратының басшысы мен жауапты мамандары зерделеу жұмыстарын Жаңатас қаласында жалғастырды.
Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміндегі кездесу барысында бөлімнің басшысы Ұлбике Салимова мәслихат депутаттарын ауданда қоғамдық-саяси ахуалды бақылау, ақпараттық саясатты күшейту мен этносаралық келісімді нығайту, жастармен жұмыс, діни ахуалды талдау бағытында атқарылып жұмыстармен таныстырды. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар және қоғамдық бірлестіктермен жұмыс, азаматтық қоғам институттарымен серіктестікті нығайту, әлеуметтік-маңызды бастамаларды қолдау және қоғамның рухани тұрақтылығын күшейту мақсатында белгіленген тақырыптарға сәйкес іске асырылып жатқан әлеуметтік жобалар жөнінде баяндады. Сонымен бірге аудан бойынша ұйымдастырылған мәдени-көпшілік, тәрбиелік және қоғамдық-саяси іс-шаралар жөнінде айтты.
Мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков пен мәслихат депутаттары ішкі саясат бөлімінің басшысы мен қызметкерлеріне ҚР «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заңнамасының талаптарына сәйкес іске асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың белгіленген тақырыптарға сай нақты, мерзімінде орындалуын бақылауға алу, тиісті мекемелермен бірлесе мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мәдени және инклюзивті спорт түріне, басқа да іс-шараларға тарту, сондай-ақ жастармен, этномәдени орталықтармен белсенді түрде жұмысты ұйымдастыру, құзырлы мекемелермен құқық бұзушылықтың алдын алу, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы профилактикалық шаралардың жүргізілуін, көрнекі ақпарат құралдарының заң талаптарына сәйкес орналастырылуын, тақырыптарын мерзімінде жаңартылуын қадағалау басқа да мәселелер бойынша жандандыру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, аудандық орталық ауруханадағы кездесуде бас дәрігер Айнұр Каликова мәслихат депутаттарын денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан шаралармен таныстырды. Оның ішінде, диагностика бөлімдерінде заманауи компьютерлік томограф және кольпоскоп, каогулятор жабдықтары іске қосылып, зертханалар тиісті құрылғылармен жабдықталғаны, демеушілік есебінен орталық аурухананың ішкі жолы күрделі жөндеуден өткендігін және басқа да мәселелерді атап өтті. Сонымен бірге өзекті мәселелерді көтерді, жетіспейтін мамандар туралы, жөндеуді қажет ететін медициналық пунктінің ғимараты жөнінде, орталық аурухананың кәріз жүйесін жөндеу, желдету жүйесін орнату, бірқатар жабдықтар қажеттігі туралы айтылды.