
Ағымдағы жылы 7 қараша күні Сегізінші шақырылған Сарысу аудандық мәслихатының кезектен тыс 44-ші сессиясы өтті.
Сарысу аудандық мәслихатының төрағасы Шаттық Мұсабековтың төрағалығымен өткен аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессияның күн тәртібінде «Сарысу аудандық мәслихатының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы «2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» №36-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе қаралды.
Сессия жұмысына Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов, аудан әкімінің орынбасары, Жаңатас қаласы мен ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлімдері және тиісті мекеме, кәсіпорын басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселеге сәйкес аудандық мәслихат төрағасы мен мәслихат депутаттары бірқатар сауалдар қойды.
Аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков Қамқалы ауылдық округінде геологиялық барлау жұмыстарынан бюджетке түсетін қаржыны тиісті заңнама аясында ауылдық округ әкімдігінің бюджетіне пайдалану мәселесі жөнінде ұсыныс айтты.
№10 сайлау округінің депутаты Оңласын Мұқашов түнгі мезгілде автомобиль жолдарында жол көлік оқиғасының алдын алу мақсатында малға арналған шағылыстыратын таспа болу қажеттігі туралы мал иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ Жаңаталап ауылдық округіндегі балалар ойын алаңына төсеніш төсеу қажеттілігі жөнінде мәселесін көтерді.
№12 сайлау округінің депутаты Талғат Наханов Досбол ауылдық округіндегі көше жарықтандыру жүйесін ретке келтіру, Тоғызкент ауылдық округінің елді мекендеріндегі ауыз су жүйесіндегі тозығы жеткен қондырғыларды жаңарту, сонымен қатар, Қамқалы ауылдық округін қажетті техникамен қамтамасыз ету мәселелерін атап өтті.
№11 сайлау округінің депутаты Қалдыбек Дүзкеновтың тарапынан Жайылма ауылындағы Әйтеке би атындағы орта мектебінің 90 жылдығына орай музыкалық жабдықтарын сатып алу мүмкіндігін қарастыру жөнінде айтылды.
Көтерілген сауалдар бойынша аудан әкімі түсіндіріп, аудан әкімінің орынбасары, баяндамашы және тиісті мекеме басшыларының тарапынан жауаптары берілді.