Қай заманда да кез келген жетістік пен жаңалықтың басында білім мен ғылым тұратындығы баршамызға аян. Сол жетістік пен жаңалықты ашатын адамды, тұлғаны қалыптастыратын, ол - ұстаз. Елімізде білім саласын дамытуға мемлекет тарапынан баса назар аударылып келеді. Білім берудің жаңа инновациялық даму жүйесі қалыптасуда.
Өткен аптада Мұғалім күні кәсіби мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде «Ұстазыма алғыс» атты мерекелік шара өтті.
Шараға Сарысу ауданының әкімі Сакен Мамытов, Сарысу аудандық мәслихатының төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары, білім саласының ардагерлері мен білім беру мекемелері қатысты.
Мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков құттықтау сөз сөйлеп:
- Бала біздің болашағымыз, жас ұрпақ тәрбиесінде мектеп пен ұстаздың алар орны ерекше. Балалардың мектепте алған рухани азығы олардың алдағы өмір жолына бағыт-бағдар бермек. Ұстаздар шәкірттеріне қажырлылыққа, ізгілік пен адамгершілікке баулиды, табандылықпен еңбек етіп, биік мақсаттар қоюды үйретеді. Мұғалімнің еңбегі қадірлі, әрі жауапты. Балалардың сапалы білім алуына, олардың жоғары жетістіктерге жетуіне ауданымызда да жан-жақты жағдайлар жасалуда. Ұстаздарымыздың жеткен толағай табыстары да аз емес. Республикалық, облыстық деңгейде ауданымыздың мектептері жүлделі орындардарға ие болуда. Бұл ұстаздардың өз жұмысына деген адалдығы мен тынымсыз тірлігі. Еліміздің ертеңгі болашағы - жас жеткіншектердің тәрбиесіне бар саналы ғұмырын арнап жүрген ұстаз еңбегі әрқашанда шынайы құрметке лайық - деді.
Құттықтаудан соң, мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен жемісті еңбегі үшін және кәсіби мерекеге орай білім саласының бірқатар мамандарын Сарысу ауданының Құрмет грамотасы және Сарысу аудандық мәслихатының Алғыс хатымен марапаттады.
Мерекелік салтанатты шараның соңы «Шымкент шоу» театры және аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Білімді, бәсекеге қабілетті жастарымыз көп болсын. Оқушылардың игіліктері үшін жасалынып жатқан қамқорлық пен зор қолдаулардың арқасында білімдерін толықтырып, жарқын жетістіктерге қол жеткізіп, жаңа белестерді бағындыруға тілектеспіз.