Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, бір қауымға бас-көз бола білген қарияларымыздың орны ерекше. Халқымызда «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген. Қарттарымыз - әр шаңырақтың тірегі. Қарияларымыз қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, даналықтың өнегесі болып, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне де елеулі үлес қосуда. Ауданымыздың еңбек ардагерлері әркез қоғамдық іс-шараларда белсенді, ұрпақ тәрбиесіне өз үлестерін қосып келеді. Қазыналы қарттарымыз қолдау көрсетіп, бай тәжірибесімен бөлісіп отырады. Әрбірінің жүріп өткен жолдары, ерен еңбектері - ұрпақ үшін үлгі-өнеге.
Қарттар күні – еліміздің өркендеуі мен дамуы үшін қажырлы еңбек еткен аға-апаларымыздың төл мерекесі.
Айтулы күнге орай Жаңатас қаласындағы спорт кешенінде «Ата дәстүр салтымыз – қастерлейік жалпымыз» атты кеш өтті. Шара барысында салт-дәстүрге қатысты көріністер ұсынылды.
Аудандық мәслихат депутаты Оңласын Мұқашов құттықтау сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен жемісті еңбегі үшін және Қарттар күніне орай бірқатар ардагерлерді Сарысу ауданының Құрмет грамотасы және Сарысу аудандық мәслихатының Алғыс хатымен марапаттады.
Шараның соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.