«Білім күні» - жаңа оқу жылының басталуы, жарқын да қуанышты, айтулы мереке. Бұл мейрамның әрбір адам өмірінде алар орны ерекше. 1 қыркүйек - әр адамның жүрегінде жақсы естелік қалдыратын, жарық та, жылы сезімдерге толы ерекше күн. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» алтын ұя мектептеріміз жаңа оқу жылын бастайды. Мектеп табалдырығын тұңғыш аттайтын бүлдіршіндер үшін жарқын болашағына жасайтын маңызды қадам. Оқушылар, білім мен ғылым саласындағы ұстаздар үшін бұл күн жаңа білім, жаңа табыс, жетістіктерге жету бастамасы. Ойдың өрістеп, шыңға шығуға білімнің алар орны ерекше.
Жаңа оқу маусымы білім беру сапасын арттыруға үлкен міндеттер жүктеліп, алға қойылған міндет нақты іске айналатын кезең. Қияға қанат байлап, биік мақсаттарға ұмтылуда жастарға білім мен ғылым қажет. Елімізде білім саласын дамытуға мемлекет тарапынан баса назар аударылып келеді. Ауданымыздың мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру сапасын арттыру, жаңа технологияларды ендіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Білім күніне орай, Сарысу аудандық мәслихатының төрағасы Шаттық Мұсабеков Абылай хан атындағы мектеп-лицейінде өткен салтанатты шараға қатысып, құттықтады.
Ұстаздарымызға жаңа бастамаларда сәттілік, ізгілік пен ізденісті жоғары қойып, жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беретін игі қызметтеріне табыс тілейміз. Білімді, бәсекеге қабілетті жастарымыз көп болсын.