Құрылысшыларға құрмет

Құрылысшыларға құрмет

Құрылыс - экономиканың маңызды және дамыған салаларының бірі. Қай заманда болмасын құрылысшы мамандығы зор құрметке ие екені белгілі. Құрылысшы - адамзат өркениетiнiң бастауында тұрған мамандық, қоғамға қосар үлесі орасан зор. Құрылысшылардың кәсіби мамандықтары мен шеберліктерінің арқасында жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік саладағы жаңа ғимараттар мен сауда орталықтары, жолдар және көптеген басқа да маңызды нысандар салынуда.

Өткен аптада Құрылысшы күні кәсіби мерекесіне орай аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында іс шара өтті.

Шараға Сарысу ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жаңғозы Жаркенов, Сарысу аудандық мәслихаты аппаратының басшысы Бақыт Жұмағұлов, аудандық, қалалық ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес, алқабилер кеңесінің төрағалары, құрылыс саласының ардагерлері, кәсіпорын мамандары, құрылысшы кәсіпкерлер мен тиісті мекемелер қатысты.

Мәслихат аппаратының басшысы Бақыт Жұмағұлов құттықтау сөз сөйлеп, ауданның құрылыс саласының дамуы мен қалыптасуына қосқан зор үлесі мен жемісті еңбегі үшін және кәсіби мерекеге орай бірқатар құрылыс саласының ардагерлері мен мамандарын Сарысу ауданының Құрмет грамотасы және Сарысу аудандық мәслихатының Алғыс хатымен марапаттады.

Құрылысшылар еліміздің гүлденуі мен оның халқының әл-ауқатына қол жеткізуге өзінің қомақты үлесін қоса отырып, саланың одан әрі серпінді дамуын қамтамасыз ететініне сенімдіміз.