Жерлесіміз, жоғары санатты хирург және денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк Ғылым академиясының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының, Сағындық Ордабеков биыл мерейлі 75 жасқа толып отыр.
Дәрігер Сағындық Ордабеков денсаулық сақтау саласындағы көрсеткен емдік және кеңестік көмектің арқасында қаншама адамның өміріне араша болып, еліміздің игілігі жолында жарты ғасырға жуық уақыттан бері жемісті қызмет етіп келеді. Ғылым саласында тартулы жетістіктерге жетіп, көптеген ғылыми жарияланымдардың, оқулықтардың және бірнеше әдеби кітаптардың авторы.
Сондай-ақ, болашақ жас мамандарды, отандық ғалымдар кадрларын, республикамызда ғылым докторлары мен кандидаттарын даярлау ісіне де өзінің үлесін қосып жүр.
Ағымдағы жылы 23 мамыр күні аудандық мәдениет үйінде дәрігер Сағындық Ордабековтың 75 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға еліміздің медицина саласының өкілдері мен ғалымдар, ауданның еңбек ардагерлері, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық қоғамдық кеңес, ардагерлер, алқабилер кеңесінің төрағалары, мекемелер мен қала тұрғындары қатысты. Шарада дәрігердің өмірі мен шығармашылығынан кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жаңа кітабының тұсау кесер рәсімі өтті.
Конференцияға қатысқан еліміздің медицина саласының өкілдері мен ғалымдары дәрігер Сағындық Ордабековке жылы лебіздерін білдірді. Аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков дәрігер Сағындық Ордабековты мерейлі жасымен құттықтап, денсаулық сақтау саласына қосқан елеулі үлесі мен жемісті еңбегі үшін медальмен марапаттады. Шараның соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.