Мәдениет және өнер қызметкерлері күні - мемлекетіміздің мәдени мұрасын сақтайтын, қоғамның рухани-дамуын нығайтып және шығармашылық еңбектің құндылығын растайтын мереке. Елімізде мәдениет пен өнердің одан әрі дамуына қолайлы жағдайлар жасалуда. Мәдениет мекемелерінің келбеті айтарлықтай өзгерді. Жылдан жылға саланы қаржыландыру ұлғаюда, бұл оның материалдық-техникалық базасын нығайтып, инновациялық технологияларды пайдалануға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылы 21 мамыр күні кәсіби мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде «Мәдениет және өнер – елдігіміздің айнасы» атты мерекелік шара өтті.
Шараға Сарысу ауданының әкімі Сакен Мамытов, Сарысу аудандық мәслихатының төрағасы Шаттық Мұсабеков, мекемелер қала тұрғындары қатысты.
Мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков құттықтау сөз сөйлеп: - Мәдениет саласының қызметкерлері өнерге және көпұлтты еліміздің бай мәдени дәстүрлерін сақтау мен дамытудың игі ісіне қызмет етуде. Мәдениет пен өнер қызметкерлерінің кәсібилігі мен еңбегі халқымыздың, оның ішінде жас ұрпақтың рухани-адамгершілік бағдарларын қалыптастыруға барынша пайдалы әсер ететініне сенімдіміз. Республикамыздың руханиятының қалыптасуы жолында мәдениет қызметкерлерінің қосар үлесі зор. Ауданымыздың мәдениет және кітапхана қызметкерлері де республикалық, облыстық, ауданаралық байқаулардың иегері болып өздерінің жоғары кәсібилігін көрсетуде. Мәдени құндылықтарды нығайту жолындағы еңбектеріңіз бен ұлттың мол рухани-ізгілік мұрасына қосқан зор үлестеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз - деді.
Құттықтаудан соң, мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен жемісті еңбегі үшін және «Мәдениет және өнер қызметкерлері күні» кәсіби мерекесіне орай бірқатар мәдениет, кітапхана саласының мамандарын Сарысу ауданының Құрмет грамотасы және Сарысу аудандық мәслихатының Алғыс хатымен марапаттады.
Мерекелік салтанатты шараның соңы Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы мен аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің мәдениетімізді, өнерімізді насихаттау жолындағы, халқымыздың мәдениеті мен ағартушылығын арттыруға бағытталған еңбектері жемісті болсын, еліміздің мәдениетін дамытуда жаңа жетістіктер тілейміз.