Көкшетауда «АMANAT» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының бірінші облыстық форумы өтті.
Оған облыс әкімі Марат Ахметжанов, облыстық мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов, облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Берген Беспалинов қатысты.
Форумға қатысушыларды құттықтай отырып, Марат Ахметжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына қысқаша тоқталып, биліктің атқарушы және өкілді тармақтарының үйлесімді іс-қимылын талап ететін басым міндеттер мен проблемалық мәселелерді белгіледі.
Облыстық мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов өз сөзінде депутаттар форумын өткізудің маңыздылығын атап өтіп, партия саясатының басымдығы адам, оның әл-ауқаты мен өмір сапасы екенін атап өтті. Әріптестеріне белсенділіктері үшін алғыс білдіре отыра, жемісті жұмыс тіледі.
Облыстық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі, әлеуметтік сұрақтар жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Айнагүл Балташева өз сөзінде халық қалаулыларының атқарған міндеттері мен жұмыстары туралы айтты. Ол депутаттардың «АMANAT» партиясының Жол картасы жобаларының сапасы мен іске асырылу мерзімдерін бақылаудағы, бюджеттің атқарылуындағы, сайлаушылардың проблемалық мәселелерін шешудегі рөлін атап өтті.
Депутаттық корпустың жұмысына интерактивті технологияларды енгізу туралы ақпаратпен және жұмыс тәжірибесімен Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімов бөлісті.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шұғырмақова «АMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасы жобаларының орындалуы туралы баяндап, бюджет саясатының жекелеген тұстарын түсіндірді.
Бұдан әрі форумға келген мәслихат депутаттары мен төрағалары облыс әкімдерінің орынбасарлары мен мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен панельдік сессияларда жұмысын жалғастырды.