
2025 жылғы 23 маусымда Рудный қаласы мәслихатының әлеуметтік-экономикалық даму, бюджет, қалалық және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы А.Г. Макаренконың төрағалығымен өтті.
Отырыста Рудный қаласы әкімінің орынбасары Т.П. Сақтағанов, Горняцкий кентінің әкімі З.А. Әбілов, Қашар кентінің әкімі М.К. Райымбекова, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары және өкілдері қатысты.
Отырыста келесі мәселелер қаралды:
– Рудный қаласындағы бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы туралы,
– 2024 жылғы 31 желтоқсандағы №192 шешімге өзгерістер енгізу туралы («Горняцкий және Қашар кенттерінің 2025–2027 жылдарға арналған бюджеттері туралы»),
– 2025 жылға арналған кондоминиум нысанын басқару және жалпы мүлікті ұстау бойынша ең төменгі шығын көлемін бекіту туралы,
– ведомствоаралық комиссиялардың жеке құрамына өзгерістер енгізу туралы.
Бірінші мәселе бойынша, 2025 жылы жалпы сомасы 4,7 млрд теңгені құрайтын 21 бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 1,2 млрд теңге республикалық бюджеттен, 3,5 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлінеді. Жобалардың 17-сі жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге бюджеттік инвестициялық жоба ретінде, ал 4 жоба 1,3 млрд теңгеге заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуымен жүзеге асырылады. Аталған жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, коммуналдық қызметтердің қолжетімділігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.
Екінші мәселе бойынша, Горняцкий және Қашар кенттері бюджеттерінің нақтылануы 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалыптасқан бюджет қаражаты қалдықтарын қайта бөлуге байланысты. Горняцкий кентіндегі қайта бөлінетін қалдық – 5 267,3 мың теңге, Қашар кентінде – 43 760,0 мың теңге. Бұл қаражаттар басым жобаларға бағытталады: аумақты абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту.
Үшінші мәселе бойынша, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес, Рудный қаласының өкілді органы көппәтерлі тұрғын үйлердегі ортақ мүлікті ұстауға арналған ең төменгі шығын көлемін бекітеді. Бұл тариф кондоминиум қатысушылары басқару және ортақ мүлікті ұстау бойынша шешім қабылдамаған немесе өте төмен төлем мөлшерін белгілеген жағдайларда қолданылады. 2024 жылғы инфляция деңгейін (7,7%) ескере отырып, 2025 жылға арналған тариф қайта есептеліп, 1 шаршы метрге айына 46,13 теңгені құрады.
Ведомствоаралық комиссиялар құрамындағы өзгерістер кадрлық ауыс-түйістерге байланысты енгізілді.
Аталған мәселелер Рудный қалалық мәслихатының алдағы сессиясында депутаттардың қарауына ұсынылатын болады.