Рудный қалалық мәслихатының төрағасы Азамат Искаков Ибраий Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің оқытушылар құрамымен кездесу өткізіп, Президенттік жастар кадрлық резервіне өтінім қабылдау науқанының басталуы туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында қатысушыларға өтінім беру тәртібі, үміткерлерге қойылатын талаптар және іріктеу үдерісі туралы толық ақпарат ұсынылды. Өтінім беруге 35 жасқа дейінгі, жоғары білімі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес сертификатпен меңгергенін растаған, сонымен қатар жалпы еңбек өтілі кемінде бес жыл болатын Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу алты кезеңнен тұрады. Алдымен үміткерлерден құжаттар қабылданады. Одан кейін олардың аналитикалық қабілеттері бағаланады, содан соң үміткерлер жағдайлық кейстерді шешу кезеңінен өтеді. Келесі кезең – басқарушылық әлеуетті айқындауға бағытталған құзыреттілік бағалау. Бұдан соң сараптамалық комиссиямен әңгімелесу жүргізіледі. Соңғы кезеңде кандидатуралар Ұлттық комиссиямен қаралып, резервке енгізу туралы шешім қабылданады.
Азамат Искаков Президенттік кадрлық резервке қатысу – өзіңді көрсетуге, құнды басқарушылық тәжірибе алуға және ел дамуына үлес қосуға мүмкіндік екенін атап өтті. Ол бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға және мемлекеттік бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.