Бүгін Рудный қалалық мәслихатының төрағасы Азамат Искаков Рудный политехникалық колледжінің оқытушылар құрамымен кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі тақырыбы – азаматтарды Президенттік жастар кадрлық резервіне өтініш қабылдау науқанының басталуы туралы хабардар ету болды.
Кездесу барысында өтініш қабылдаудың басталуы, қатысу тәртібі және үміткерлерге қойылатын талаптар жөнінде толық ақпарат ұсынылды. Резервке қатысуға 35 жасқа дейінгі, жоғары білімі бар, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі B1 және одан жоғары сертификатпен расталған, жалпы еңбек өтілі кемінде 5 жылды құрайтын Қазақстан Республикасының азаматтары үміткер бола алады.
Іріктеу рәсімі алты кезеңнен тұрады:
1.Құжаттарды қабылдау;
2.Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;
3.Жағдайлық тапсырмаларды шешу;
4.Құзыреттерді бағалау;
5.Үміткерлермен Сараптамалық комиссияның әңгімелесуі;
6.Сараптамалық комиссия ұсынған үміткерлерді Ұлттық комиссияның қарауы.
Спикер Президенттік жастар кадрлық резервіне қатысу — жас мамандар үшін өздерін көрсетуге, құнды тәжірибе алуға және елдің басқарушылық әлеуетін дамытуға үлес қосуға берілетін мүмкіндік екенін атап өтті. Ол жастардың мемлекеттік бастамаларға белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталып, барлық мүдделі азаматтарды бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырды.