Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы

Президенттің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы өтті. Жиынға Парламент Сенатына ҚХА қатарынан сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Ұйымның өңірлердегі делегаттары қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік. Ортақ Отанымыздың тағдырына жанашырлығымыз біздің азаматтық сана-сезіміміздің өзегі болып қала береді. Ал ұлттық толеранттық, өткен заманның дәстүрлеріне және түрлі мәдениетке деген құрмет, мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді білу – Қазақстан азаматтарына тән қасиеттер.


Мемлекет басшысы:
«Ерте ме, кеш пе, кез келген мемлекет түрлі сынаққа тап болуы мүмкін. Сондай кезде ел өмірінде күрделі әрі түбегейлі бетбұрыс жасалады. Біз де осындай жаңғыру жолымен жүріп келеміз. Сын-қатерлерге төтеп беріп, қиын сәтте ұжымдасып, шұғыл жұмыс істеуді үйреніп жатырмыз. Шын мәнінде, мұның бәрі – баға жетпес тәжірибе. Бұған дейін тоқсаныншы жылдардың тауқыметін жиі айтатын едік. Сол кездегі қиындықтарды қазір көпшілік еске ала бермейді.
Еліміз соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатыр. Бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңеміз. Шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығамыз.
Ауқымды су тасқыны болып жатқан қазіргідей сәттерде халқымыздың ұжымдасып, жұмыла білу қабілеті шыңдала түседі. Азаматтардың ынтымағы мен өзара тілеулестігі айқын көрінеді. Мемлекеттік аппарат дағдарысқа қарсы күресте зор тәжірибе жинақтайды».