
Павлодар қалалық мәслихатының XLIII кезекті сессиясы өтіп, оның барысында депутаттар қаланың одан әрі дамуына бағытталған бірқатар маңызды мәселелерді қарады.
⠀2026–2028 жылдарға арналған Павлодар қаласының бюджеті, сондай-ақ кенттің, ауылдық округтің және қаланың кейбір ауылдарының бюджеттері туралы шешімдерге өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, 2026–2030 жылдарға арналған Павлодар қаласын дамыту жоспарына түзетулер енгізілді.
⠀Құжатқа негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі және «Ауыл аманаты» жобасы аясында берілетін кредиттер бойынша қосымша нысаналы индикаторлар енгізіліп, жоспар Павлодар облысын дамытудың жаңартылған бағдарламасына сәйкестендірілді.
⠀Депутаттар дене шынықтыру мен спортты дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындардың үлесі 40,5%-ға жетті.
⠀Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 9 923 бала тегін спорт секцияларымен қамтылған. Қалада 823 спорт нысаны және спорттың 90-нан астам түрі бойынша 2,5 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді. Биыл 10 шағын футбол алаңы, 80 көше тренажері, 30 воркаут алаңы және 20 стритбол алаңын орнату жоспарланып отыр.
⠀Сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың әлеуметтік бейімделуіне жәрдемдесу жөніндегі консультативтік-кеңесші органның жұмысының нәтижелері қаралды. 2026 жылы 51 адамға жалпы сомасы 2,2 млн теңгеден асатын көлемде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.
⠀Депутаттар жеке мәселе ретінде қаланың абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру, көлік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ қаланың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету салаларындағы бағдарламалардың іске асырылуы туралы ақпаратты тыңдады. 2026 жылы аталған бағыттарды қаржыландыруға 76,4 млрд теңге қарастырылған.
⠀Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.