Павлодар облыстық мәслихатының VIII шақырылымының XXXII кезектен тыс сессиясы

Павлодар облыстық мәслихатының VIII шақырылымының XXXII кезектен тыс сессиясы

Павлодар облыстық мәслихатының VIII шақырылымының XXXII кезектен тыс сессиясы өтіп, онда депутаттық корпустың құрамын жаңарту және өкілді органның алдағы қызметін ұйымдастыруға қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.

Сессияны облыстық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Болат Әменұлы Аманжолов жүргізді. Жиын жұмысына Павлодар облысының әкімі Асайын Қуандықұлы Байханов, облыс әкімінің орынбасарлары, қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары, облыстық мәслихат депутаттары қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Сергеевич Теренченконың, сондай-ақ депутаттар Николай Васильевич Дычконың, Гүлмира Ғабдұлхамитқызы Нұрханованың, Серік Тельманұлы Сәдуақасовтың және Асылбек Туғанбайдың басқа жауапты қызметтерге ауысуына байланысты депутаттық өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе қозғалды.

Сессия барысында облыс әкімі Асайын Қуандықұлы Байханов олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен жемісті еңбегін атап өтіп, алғыс хаттармен марапаттады.

Облыстық сайлау комиссиясының шешіміне сәйкес VIII шақырылымның жаңа депутаттары тіркеліп, оларға депутаттық куәліктер мен төсбелгілер салтанатты түрде табысталды.

Сонымен қатар облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамына өзгерістер енгізілді. Экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның құрамына Ирина Петровна Назарчук енгізілді. Экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның құрамына Сайлау Шаймарданұлы Оразбаев пен Салтанат Қалиасқарқызы Шабажанова сайланды.

Депутаттардың бірауыздан қабылдаған шешімімен Ирина Петровна Назарчук экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып сайланды.

Қабылданған шешімдер облыстық мәслихат жұмысының сабақтастығын қамтамасыз етіп, өңірдің орнықты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған міндеттерді тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.