15 маусымда Нияз Макраевтың төрағалығымен қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс жұмысына Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин қатысты.
Депутаттар «Екібастұз қаласы бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге халық үшін тарифтерді бекіту туралы» шешім жобасын талқылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нурбек Зейнуллаевич Конротбаевтың баяндамасына сәйкес тарифтерді көтеруге қызметкерлердің жалақысының өсуі, алдағы уақытта ҚТҚ сұрыптауды енгізу үшін мамандандырылған техниканы жаңартуға қажеттілік, ЖЖМ, қосалқы бөлшектер, техниканы жөндеу қызметтері құнының артуы негіз болып отыр. Екібастұз қаласы бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, сұрыптауды және көмуді жүзеге асырып отырған кәсіпорын жұмыскерлердің жалақысын ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап 20-40% - ға арттыруға міндеттенеді. Бұдан басқа, ҰОС қатысушылар мен оларға теңестірілген адамдар, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, 1 топтағы мүгедектер, мүгедек балалар (бала кезінен мүгедектігі бар) қызметтерге ақы төлеуден толық босатылды, 18 жасқа толмаған балалары бар көп балалы аналар, зейнеткерлер, 2 және 3 топтағы мүгедектер үшін қолданыстағы тариф сақталды. Жеңілдікпен 38 мыңнан астам қала тұрғыны қамтылады.
Талқылау барысында мәслихат депутаттары Владимир Егер, Мариям Маликова, Жетписбай Жакупов, Лейла Касыманова, Серик Макаров сөз сөйледі.
М.Маликова кез-келген тарифтердің өсуін халық теріс қабылдағанына қарамастан, кәсіпорын өз жұмысын тиісті деңгейде әрі қарай жүзеге асыруы, сондай-ақ өз қызметкерлеріне лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуі үшін осы ұсынысты қолдау қажет деген пікір білдірді.
С. Макаров қоқыс шығарушы ұйым қабылдаған міндеттемелердің орындалуын депутаттық бақылауға алу, сондай-ақ кәсіпорын қызметкерлерімен жеке кездесулер өткізу қажеттігін атап өтті.
Депутаттар Екібастұз қаласының жаңа Бас жоспарынының енгізілуіне және жер учаскелеріне құқық берудің электрондық форматының қолданылуына байланысты 2012 жылы қаланың шағын аудандарын егжей-тегжейлі жоспарлау жобаласы туралы қабылданған мәслихат шешімінің күшін жою мәселесін талқылады.
Қала әкімдігі кадрлық өзгерістерге байланысты жаңартылған жұмыспен қамту, ономастика, мемлекеттік тіл саясаты, жастар істері, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл, терроризмге қарсы, жер комиссиялары, қылмыстық жазаларды орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу жөніндегі консультативтік-кеңесші орган туралы қалалық комиссиялардың дербес құрамдарын депутаттардың қарауына ұсынды.
Қаланың Қоғамдық кеңесі төрағасы Амренов Рышат Бабаевич заңнамаға сәйкес бос орынға орналасуға конкурстан өткен кеңестің жаңа мүшесі, еңбек және мемлекеттік қызмет ардагері Ахметов Серик Жаңабековичтың кандидатурасын ұсынды.