Дәрілік препараттарға шекті бағалардың сақталуын бақылау шараларын іске асыру шеңберінде Екібастұз қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі А.Рахимжанова қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен бірлесіп қаланың бірқатар дәріханаларында жоспарлы мониторинг жүргізді.
Тексерудің негізгі құралы «DariKz» мобильді қосымшасы болды. Бұл ресурс нақты уақыт режимінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен дәрі-дәрмектерге шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағалары туралы өзекті ақпаратты алуға мүмкіндік береді.
Мониторинг барысында кеңес мүшелері дәріханалардың витриналарындағы нақты бағалардың белгіленген мемлекеттік нормативтерге сәйкестігін; сатып алушылар үшін мобильді сервистер арқылы бағаларды тексеру мүмкіндігі туралы ақпараттың қолжетімділігін тексерді.
Тексеру қорытындысы бойынша баға белгілеудің елеулі бұзушылықтары анықталған жоқ. Дәріхана ұйымдарының өкілдерімен шекті үстемеақылардан асып кетуге жол бермеу туралы түсіндірме әңгімелер өткізілді.