Қалалық мәслихаттың әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы құрамында депутаттар Т.В. Шмидт, К.Х. Турлыбеков, Е.А. Құсан, Д.М. Сиваракша «Екібастұз қаласының білім бөлімі» ММ мектепке дейінгі және жалпы білім беру секторының меңгерушісі С.К. Ибраевамен бірлесіп қала мектептерінде оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көшпелі мониторинг жұмыстарын жалғастыруда.
Бұл жолы комиссия мүшелері №5, №6, №7, №17, №21, №22, №23 және №36 мектептерде болып, асханалардың жұмысын тексерді.
Мониторинг барысында тамақтану қауіпсіздігі мен гигиена нормаларының сақталуына, ұсынылатын тағамның сапасына, азық-түлікті сақтау шарттарына, асхана қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастыруға, бірыңғай мектеп мәзірінің сақталуына ерекше назар аударылды.
Бүгінгі таңда барлық мектеп асханаларында электронды бағалау жүйесі енгізілген. Бұл жүйе арқылы оқушылар мен мұғалімдер ұсынылған тағамның сапасы туралы өз пікірлерін білдіре алады. Сонымен қатар, мектептерде оқушыларға түрлі жаңа піскен кондитерлік өнімдер ұсынылуда, бұл тағамдардың ассортиментін кеңейтіп, тамақтануды балалар үшін тартымды етеді.
Мониторинг шеңберінде депутаттар мен комиссия мүшелері мектеп асханаларындағы тамақ сапасын арттыру мен жұмыс жағдайларын жақсартуға қатысты бірқатар ұсыныстарын білдірді. Аталған бағыттағы бақылау әрі қарай жалғасатын болады.