«Қоғамдық эко-бақылау»

«Қоғамдық эко-бақылау»

«Қоғамдық эко-бақылау» республикалық акциясы аясында Екібастұз қаласының Қоғамдық кеңесі «Қоршаған ортаны қорғау» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, қалалық ортаның жағдайына қатысты көшпелі мониторинг ұйымдастырды. Мониторинг нысандары ретінде Екібастұз қаласының 50 жылдығы атындағы сквер, Бауыржан Момышұлы  және Мәншүк Мәметова көшелеріндегі абаттандыру, стихиялық қоқыс орындарын жою, жасыл желектерге күтім жасау мәселелері қаралды.

Қоғамдық бақылау барысында кеңес мүшелері тарапынан қаланың аулалық аумақтарын күтумен айналысатын мердігер ұйымдардың жұмысына қатысты бірқатар ескертулер айтылды. Атап айтқанда, шөп шабу жұмыстарының уақтылы жүргізілмеуі, жиналған қоқысты, шабылған шөп пен кесілген ағаш бұтақтарын шығару бойынша, сондай-ақ балалар ойын алаңдарының тазалығы мен күтімі бойынша кемшіліктер анықталды.

Сонымен қатар, тұрғындармен аулалар мен үй маңындағы аумақтарда тазалық пен тәртіп сақтау, абаттандыру және көгалдандыру нысандарына ұқыпты қарау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жасыл желектердің жағдайына жүргізілген мониторинг нәтижесінде бірқатар кемшіліктер  анықталды. Бауыржан Момышұлы көшесінде аула ішіндегі ағаштар тіреу түрінде шамадан тыс кесілген. Ағаштардың кесілген жерлері санитарлық нормаларға сәйкес майлы бояумен өңделмеген.Мәншүк Мәметова көшесінде ағаш түбіндегі су сақтайтын шұңқырлар сапасыз жасалған, бұл суару кезінде судың тамырларға жетпеуіне және ағаштардың жерсінуі мен өсуіне кері әсер етуі мүмкін. Екібастұз қаласының 50 жылдығы атындағы скверде  сирек кездесетін ағаш түрлерінің (самырсын, жөке, шырша) түбіне тым жақын орналасқан аттракциондар, спорттық нысандар мен қоймалар анықталды. Мұндай орналасу тамыр жүйесіне зақым келтіріп, жасыл желектердің жалпы жағдайының нашарлауына алып келуі ықтимал.

Қоғамдық бақылау қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою мақсатында уәкілетті органдарға тиісті ұсыныстарды жолдау туралы шешім қабылданды.