Екібастұзда заманауи медициналық оңалту клиникасы ашылды. Екібастұз қалалық мәслихатының әлеуметтік сала жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Т.Шмидт және мәслихат депутаттары К.Турлыбеков, А.Такишев, А.Амургалинов жаңа ашылған медициналық оңалту клиникасына барып, мекеменің жағдайымен және мүмкіндіктерімен танысты, кабинеттерді, жабдықтарды қарап, медициналық қызметкерлермен әңгімелесті. Арнайы назар халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігіне және сапасына аударылды.
Маңыздысы, клиникаға қаланың емханаларынан медициналық көрсеткіштер бойынша жолдама алған науқастарға барлық қызметтер тегін көрсетіледі. Қаржыландыру міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Клиника жарақаттардан, операциялардан, инсульттерден және басқа да оңалту шараларын қажет ететін аурулардан кейін қалпына келтіру емін жүргізуге маманданған. Мұнда емдік дене шынықтыру, физиотерапия, массаж және басқа да оңалту медицинасы бағыттары бойынша мамандар жұмыс істейді.
Мұндай медициналық мекеменің ашылуы Екібастұз тұрғындары үшін қолжетімді және сапалы медициналық көмекті дамытуда маңызды қадам болды.
Депутаттар клиниканың жұмысы қала тұрғындарының денсаулығын жақсартуға және мүгедектік деңгейін төмендетуге ықпал ететініне сенім білдірді.
👥 Клиникаға қалай баруға болады?
📍 Мекенжайы: Машхур Жүсіп көшесі, 27
🔹 Өз учаскелік дәрігеріңізге қаралыңыз.
🔹 Медициналық көрсеткіштеріңіз бойынша жолдама алыңыз.
🔹 Барлық қызметтер МӘМС жүйесінде сақтандырылған болсаңыз, тегін көрсетіледі.