2026 жылдың 17 сәуірінде Баянауыл аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы мен кезектен тыс XLVІI сессиясы өтті. Аудандық мәслихатының кезектен тыс XLVІI сессиясы мен тұрақты комиссияларының бірлескен отырыстарына аудандық мәслихатының депутаттары, аудан әкімі А.Ә. Кісентаев, аудан әкімінің орынбасарлары, Майқайың кенті мен ауылдық округтерінің әкімдері және ауданның мемлекеттік мекемелерінің басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі Баянауыл аудандық мәслихатының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы «2026-2028 жылдарға арналған Баянауыл аудандық бюджеті туралы» № 386/41 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Баянауыл ауданының кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссиясын бекіту туралы және Қылмыстық жазаны және қылмыстық – құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу жөніндегі, сондай – ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультативтік кеңесті бекіту туралы мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Сонымен қатар, сессия барысында депутаттардың тарапынан аудан басшылығына бірқатар өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, елді мекенішілік жолдарды жөндеу және су құбыры жүйесін жаңғырту, тұрғын үйлер мен балалар ойын алаңдарын салу, «Майкубен-Вест» АҚ-мен байланысты туындаған мәселелер, ауданға инвесторлар тарту, туризмді дамыту және өңірдің бірегей табиғатын сақтау, сондай-ақ экология мәселелері көтерілді. Аталған сұрақтарға аудан әкімі А.Ә. Кісентаев тарапынан тиісті түсіндірмелер берілді.