
Павлодар ауданы Кемеңгер ауылының Мәдениет үйінде қазақтың ұлттық ән өнерін қырық жылға жуық уақыт бойы дәріптеп келе жатқан «Беу, жігіттер» ансамблінің концерті өтті.
Қырық жылға жуық тарихы бар «Беу, жігіттер» ансамблі қазақ ән өнерін дәріптеп, халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттап келеді. Ансамбль 1986 жылы Баянауыл ауданында құрылып, бүгінге дейін бірнеше буын өнерпаздарының басын қосқан шығармашылық ұжымға айналды. Олар халық әндерін жаңғыртып қана қоймай, ұлттық өнерді халықаралық сахналарда да танытып келеді.
Өзінің ерекше орындаушылық мәнерімен, ұлттық нақыштағы репертуарымен және сахна мәдениетімен көрерменнің ықыласына бөленген ансамбль талай өнер додаларында топ жарып, ел мерейін үстем етті. Бүгінде де дәстүрлі ән өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды құрметтеуге үндеп келеді.
Өнер ұжымы көрермен қауымға халықтың сүйікті әндерін ұсынып, ұлттық өнердің құдіретін тағы бір мәрте паш етті. Концерт барысында ансамбль мүшелері өздерінің жоғары орындаушылық шеберлігімен, ерекше сахна мәдениетімен және көрерменмен жақын байланыс орната білуімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Концерт соңында Павлодар ауданының әкімі Ибраев Дидар Елубекұлы сөз сөйлеп, ансамбльдің ұлттық мәдениетті дамытудағы еңбегін жоғары бағалады:
«“Беу, жігіттер” ансамблі – халқымыздың рухани мұрасын дәріптеп келе жатқан бірегей ұжым. Осындай кештер ұлттық өнерге деген құрметті арттырып, жас ұрпаққа тағылым береді. Өнер ұжымына шығармашылық табыс пен биік белестер тілеймін», – деді аудан әкімі.
Жиналған Павлодар ауданының тұрғындары өнерпаздарға зор ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, дәстүрлі ән өнерін насихаттап жүрген «Беу, жігіттер» ансамблінің шығармашылығына көрермендер жоғары бағасын берді. Ұжымға шығармашылық табыс, биік белестер және өнерсүйер қауымның ыстық ықыласын тілейміз! Ән мен өнер тоғысқан бұл кеш көрермендердің жүрегінде жарқын әсер қалдырды. Ұлттық өнеріміз жасай берсін.