Бүгін Аққулы ауданында жаңа Конституцияны түсіндіру бойынша бірқатар жиын өтті. Ернұр Әйткенов бастаған жалпыұлттық коалиция мүшелері алдымен аудан орталығына жақын орналасқан Жамбыл ауылының тұрғындарымен кездесті. Пікір алмасу барысында алдағы референдумның тарихи маңызы сөз болды. Меймандар негізгі заңда адал еңбек ететін әр азаматтың әлеуметтік қорғалу құқығы кепілдендірілгенін атап өтті. Олардың айтуынша, бұл басымдық әділеттілік қағидатына толық сай келеді.
Одан әрі ақпараттық-түсіндіру тобының сапары аудан орталығында жалғасып, экспромт кездесулер ұйымдастырылды. Жолай кездескен тұрғындардың басым бөлігі 15 наурызға белгіленген саяси науқаннан хабардар екенін жеткізді. Сонымен қатар, жаңа Конституция мәтінімен толық танысып үлгермеген, өзгерістер туралы коалиция мүшелерінен естіп, қызығушылық танытқан тұрғындар да болды.
Сапар қорытындысы жергілікті коалицияда ақпараттық жұмыстың барысын талқылаумен аяқталды.
Жиын соңында меймандар тарихи референдум туралы ауылдастардың естіп-білуі әр азаматтың белсенді азаматтық ұстанымына байланысты екенін атап өтті.