
Өздеріңіз білетіндей, Конституцияны жаңғыртуға бағытталған ұсыныстар кешенді түрде талқыланып, реформаның нақты мазмұны айқындалды.
Жұмыс тобы жекелеген нормалармен қатар, Конституцияның тұжырымдамалық негіздерін қайта қарастырды. Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалық актісінің кіріспесін жаңа редакцияда қабылдау ұсынылды.
Осы орайда Павлодар облысында Конституциялық реформаны талқылау және ақпаратты тұрғындарға тарату жұмыстары басталды.
Бүгін Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко мен облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бәкір Демеуов бастаған облыстық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңестердің мүшелері, сондай-ақ, аймақтың Ардагерлер кеңесінің өкілдері жиналып, Конституцияның жаңартылған жобасын талқылады.
Өз кезегінде ардагерлер өз пікірлерін ортаға салып, жаңа Конституциялық реформаға қолдау білдірді.
Жалпы, Конституция мәтінінің 84 пайызы жаңартылады. Бұл Ата заң мазмұнының қайта құрылуы дегенді білдіреді. Құжатта 11 бөлім, 104 бап қамтылған, екі жаңа бөлім – «Халық Кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі» енгізіледі, бірқатар бөлімдер қайта аталады.