
2025 жылғы 17 желтоқсанда Аққулы ауданы мәслихатының ХL кезекті сессиясы өтті.
Сессияда Аққулы ауданының 2026-2028 жылдарға арналған бюджеті қаралып, бекітілді. Аудандық бюджетте Шарбақты және Төсағаш ауылдарында электр желілерін салу, Аққулы, Тақыр және Баймульдино ауылдарының кіреберіс жолдарын орташа жөндеу, Тілектес ауылының кентішілік жолдарын орташа жөндеу көзделген.
Сонымен қатар 2026 жылы Аққулы ауданының ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы мәселе бекітілді. Ауданның әкімшілік орталықтары болып табылатын ауылдық елді мекендерде жұмыс істеу және тұру үшін Аққулы ауданының ауылдық елді мекендеріне келген мамандарға айлық есептік көрсеткіштің екі мың бес жүз еселенген мөлшерінен аспайтын сомада, ауылдық елді мекендерге айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшерінен аспайтын сомада тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау көрсету жоспарлануда. Көтерме жәрдемақы айлық есептік көрсеткіштің жүз еселенген мөлшеріне тең болады.