ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ 90 ЖЫЛДЫҚ ТОЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН

ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ 90 ЖЫЛДЫҚ ТОЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН

Құрметті отырарлықтар, қадірменді жерлестер!

Сіздерді тарихы терең, мәдениеті бай, өр рухты Отырар ауданының 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Отырар – ұлт руханиятының алтын бесігі, күллі адамзат өркениетіне өшпес із қалдырған қасиетті өлке. Мыңжылдық тарихтың куәсі болған бұл жер — ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің туған топырағы, түркі өркениетінің ордасы, қазақ халқының мақтанышы. Отырардың аты – ғылым мен мәдениеттің, даналық пен батырлықтың символы.

Өткен ғасырлар қойнауынан бүгінге дейін бұл киелі мекен талай сыннан өтіп, талай ұрпақтың тағдырымен, еңбегімен өрілген. 1935 жылы жеке аудан болып құрылғаннан бері Отырар жері дамудың даңғыл жолына түсіп, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, білім, мәдениет пен спорт салаларында зор жетістіктерге жетті.

Тәуелсіздік жылдарында ауданымыздың келбеті түбегейлі өзгеріп, ел игілігіне бағытталған көптеген жобалар жүзеге асты. Жаңа мектептер мен мәдениет ошақтары, спорт кешендері мен тұрғын үйлер бой көтерді. Бүгінде Отырар – заманауи дамып келе жатқан, еңбекқор халқы бар әлеуеті жоғары аймақ.

Бұл жетістіктер – аудан тұрғындарының бірлігі мен берекесінің, аға буынның ақыл-парасаты мен жас ұрпақтың жігерлі еңбегінің нәтижесі.

Осы мерейлі сәтте ауданымыздың өркендеуіне үлес қосқан ардагерлерге, еңбек майталмандарына, ұстаздар мен дәрігерлерге, шаруалар мен кәсіпкерлерге, барша тұрғындарға шынайы алғыс білдіремін!

90 жылдық – бұл тарихқа тағзым етер, бүгінге тағылым алар, болашаққа бағдар жасар кезең. Ендеше, өткеннің өнегесін ұмытпай, елдігімізді, бірлігімізді сақтай отырып, Отырардың гүлденген келешегі үшін бірлесе еңбек ете берейік!

Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен шаттық тілеймін!
Ауданымыздың абыройы асқақтап, ырысы мен берекесі арта берсін!

Отырардың 90 жылдық мерейтойы құтты болсын!

 Отырар аудандық 

 мәслихаттыңтөрағасы                                       Ұзақов Уалихан Жамалханұлы