МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫН АЙҚЫНДАДЫ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫН АЙҚЫНДАДЫ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫН АЙҚЫНДАДЫ

 

Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын жариялады. Аудандық мәслихат аппаратының ұжымы Жолдауды тікелей эфир арқылы тыңдап, одан туындаған негізгі міндеттерді талқылады.

Жолдауда экономика, логистика және өзге де өзекті мәселелер қозғалып, жасанды интеллект көмегімен өзгерістер енгізу сөз болды. Бұған қоса, маңызды саяси реформа жасалатындығы айтылды.

Президент елімізге қомақты инвестиция тарту керектігін атап өтті. Ол үшін Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Отырар ауданы үшін ауыл шаруашылығы – негізгі сала. Сондықтан да, аудан көлемінде іске асып жатқан инвестициялық жобалар осы бағытта қарқын алуда.

Соның бірі «Алтын Дала Мақта» ЖШС инвесторлық бастамасымен мақта-тоқыма кластерін дамыту жобасы. Отырар ауданы бойынша соңғы жылдардағы ауқымды инвестициялық жобаның бірі саналатын серіктестік биылға 23 мың га жерге мақта дақылын ексе, алдағы 2026 жылы ауқымын 53 мың га кеңейтуді көздеп отыр.

Аталған серіктестік құны 21 млрд.теңгені құрайтын мақта кластерін дамыту бойынша 4  зауыт құрылысын салып, 1400 адамды қосымша жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

Аудан көлемінде іске асып жатқан тағы бір ауқымды инвестициялық жоба 3000 га жерге су үнемдеу технологиясын ендіру арқылы мақта, күріш, күнбағыс дақылдарын еккен «Таймас-2024» ЖШС ағымдағы жылға салған инвестиция көлемі 7,0 млн АҚШ долларды құрайды. Сонымен қатар, Отырар ауданының индустриялды аймағына арналған жерге мақта және күріш өңдеу зауыттарының құрылысы жүргізіледі деп күтілуде.

Жоғарыда аталған жобалар Мемлекет басшысының Жолдауында сөз болған ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану, бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану және азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту секілді маңызды бағыттарды қамтуды көздейді. Және де жоба аясында ауыл шаруашылығы саласына соңғы заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік туады. Ол Жолдауда айтылған міндеттердің ауданда іске асып жатқанының бір көрінісі деп айтуға болады.

Жолдауда қозғалған тағы бір маңызды тақырып – туризмді дамыту мәселесі. Отырар ауданы туристер үшін тарихи әрі мәдени маңызды аймақ болып табылады. Қазіргі таңда туризм саласын дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 7 ай көлемінде ауданымызға 163 486 турист келген. Оның ішінде, 10 149-ы шетел азаматы. Болашақта туристерді көптеп тарту үшін ауқымды, тартымды жобалар қолға алынуы тиіс.

Мемлекет басшысы экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейтінін тілге тиек етіп, бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқаратынын жеткізді.

Бұл ретте биыл пайдалануға берілген «Жайлы мектеп» жобасын атап өтуге болады. Аудан орталығы Шәуілдір ауылында орналасқан №1 жайлы мектеп Президент айтқан «сапасы жоғары адами ресурстарды» дайындайтын орталыққа айналмақ.

Өйткені білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі.

Мемлекет денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдауда. Елімізде дәрігерлердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар жүзеге асып жатыр. Мысалы, киелі Отырар өңірінде «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы арқылы соңғы екі жылда 3 дәрігер маманға мемлекеттік қолдау аясында бір реттік көтерме жәрдемақы берілді.

Президент сондай-ақ азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын айтып, «AMANAT» партиясы ұсынып отырған «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғастыру қажеттігін атап өтті. Оның аясында өткен жылы 845 мың адам кеңес алып, қаржылық білімін жетілдірген.

«Түпкі мақсат – халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда, «AMANAT» партиясының Отырар аудандық филиалы да қолға алған жоба өз тиімділігін көрсетіп отыр. «Қарызсыз қоғам» жобасы қаржылық білім беру бағдарламаларын кеңейтуді және оларды экономикалық жағдайдағы өзгерістерге бейімдеуді жоспарлап отыр. Азаматтардың қаржылық білімін жетілдіруге бағытталған бастама аудан көлемінде ары қарай да өз жалғасын табатын болады.

Жолдауда айтылған маңызды бағыттарды іске асыру үшін баршамыз ел игілігі жолында бірлігімізді нығайтып, адал еңбек етіп, ортақ мақсатқа үлес қосуымыз қажет деп санаймын. Сонда ғана Қазақстанның жарқын болашағы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға қол жеткіземіз.

 

"AMANAT" партиясының Отырар аудандық

филиалының және аудандық мәслихаттың

төрағасы Ұзақов Уалихан Жамалханұлы