Қызылорда қалалық мәслихатында жергілікті бюджет кірістері, өрт қауіпсіздігі, көппәтерлі тұрғын үй шаруашылығы және қала тазалығы мәселелері қаралды
2026 жылдың 8 қыркүйек күні қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті.
Бірлескен отырысқа мәслихат төрағасы И.Құттықожаев төрағалық етті.
Комиссия отырысына қала әкімінің орынбасары А.Нұрмағанбетов, қалалық кірістер басқармасының басшысы, Қызылорда қаласы төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, тиісті облыстық басқармалардың, департаменттердің жауапты мамандары, қалалық дербес бөлімдер мен тиісті мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару ұйымдарының төрағалары, БАҚ өкілдері қатысты.
Комиссия отырысында жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы, салық базасын кеңейту бағытындағы жұмыстар, қала аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру және қала тазалығын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша жергілікті бюджет кірістерінің орындалуы талқыланды. 2026 жылғы 1 қыркүйекке арналған жоспар бойынша жергілікті бюджетке түсетін салықтық түсімдер көлемі 44 822,3 млн теңге болып белгіленген. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі нақты түсім
35 557,0 млн теңгені құрап, жоспардың орындалуы 79,3 пайызға жетті.
Сонымен қатар, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда салықтық түсімдер 15 074,1 млн теңгеге артып, түсім қарқыны 173,6 пайызды құрады. Бюджет кірістерін арттыру және салық базасын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Комиссия отырысында Қызылорда қаласының төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы кезеңге қойылған міндеттер баяндалды. 2026 жылдың алғашқы 6 айында қала аумағында 96 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен шамалас болғанымен, келтірілген материалдық шығын көлемі 19,5 млн теңгені құрады. Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық бақылау және қадағалау жұмыстары жүргізіліп, тексерілген нысандардан 1 173 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталды. Өрт қауіпті кезеңде орман және дала алқаптарында алдын алу рейдтері тұрақты жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 2026 жылғы маусым айында Қарауылтөбе ауылдық округінде өрт сөндіру бекеті ашылды. Алдағы уақытта тағы екі ауылдық округте осындай бекеттер ашу жоспарлануда.
Қалалық мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі «Көпқабатты тұрғын үйлер аулалары мен қала көшелерінде қоқыс шығару, тазалау бағытындағы жұмыстардың жай-күйі туралы» және «Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару және тұрғын үйлер шаруашылығын дамыту мәселелері туралы (ПИК жұмысы, тұрғындардың қатысуы)» мәселелері бойынша қалада санитарлық - тазалық жұмыстарын жүргізетін «Қызылорда тазалығы» МКК-ның материалды-техникалық базасымен танысып, содан кейін, «Мерей» мөлтек ауданының көпқабатты тұрғын үй тұрғындарымен кездесіп, көпқабатты тұрғын үйлерге (жылу, ауыз су, жарықтандыру, тазалық, аяқ су мәселелері) қатысты пәтер иелері кооперативтерінің жұмыстары бойынша пікірлесті.
Сонымен қатар, О.Жандосов көшесіндегі екі көппәтерлі апаттық жағдайдағы үйлердің жәй-күйін көрді.
Қала аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және «Қызылорда тазалығы» КМК-нің өзекті мәселелері, қызметі мен қаржылық-экономикалық жағдайы жан-жақты қаралды. Кәсіпорын бүгінгі таңда қала көшелерінің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстарын атқарады. Қала аумағының кеңеюіне байланысты кәсіпорынның жұмыс көлемі айтарлықтай артқан. Бүгінде кәсіпорын теңгерімінде 209 техника бар. Соңғы жылдары техникалық парк жаңартылып, 2022-2024 жылдары 69 арнайы техника сатып алынса,
2026 жылы лизинг бағдарламасы арқылы 32 жаңа техника алу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 31-і жеткізіліп, жұмысқа қосылған. Жалпы кәсіпорын техника паркінің 47 пайызы жаңартылды. Қала тазалығын қамтамасыз ету бағытында күнделікті жүздеген көше қамтылып, көпқабатты тұрғын үйлердегі мыңдаған контейнерлер босатылады. Кәсіпорында кадрлық жүктеменің жоғары екені де атап өтілді. Қала аумағының кеңеюіне және қызмет көлемінің артуына байланысты қосымша жұмыс күшіне қажеттілік туындап отыр. Сонымен қатар кәсіпорын қызметін цифрландыру бағытында «WASTE MANAGEMENT» (қалдықтарды басқару) бағдарламасын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бағдарлама арқылы арнайы техникалардың қозғалысын GPS жүйесімен бақылау, маршруттардың орындалуын қадағалау және фото есеп жүргізу мүмкіндігі қарастырылған.
Кәсіпорын тарапынан 2026 жылдың соңына дейін қаржылық тапшылықты азайту және санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізу үшін қосымша қаржы қажеттілігі ұсынылды. Сондай-ақ қоқыс алаңдарын жаңарту, сапалы еуроконтейнерлер орнату, арнайы техникалар санын толықтыру, автотехникалық инфрақұрылымды дамыту және жүргізушілер мен жұмысшыларға тәулік бойғы кезекшілік кезінде қажетті жағдай жасау мәселелері көтерілді.
Сонымен қатар, комиссия отырысында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру қажеттігі айтылып, хабарлама жасалды. Бүгінде Қызылорда қаласында 1084 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 713 тұрғын үйге 29 басқарушы ұйым қызмет көрсетеді. Бұл жалпы тұрғын үй қорының шамамен 66 пайызын құрайды. Ал 308 көппәтерлі тұрғын үй тұрғындардың тікелей бірлесіп басқаруында болса, 63 тұрғын үй апаттық жағдайда тұр. Басқарушы ұйымдардың негізгі міндеті тұрғын үйлердің ортақ мүлкін күтіп-ұстау, инженерлік жүйелердің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету және ағымдағы жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру болып табылады.
Қазіргі таңда шатырлардың, жертөлелердің, кіреберістердің, қасбеттердің, аула аумақтарының және ішкі инженерлік желілердің техникалық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Тікелей бірлесіп басқарылатын тұрғын үйлер бойынша тұрғындарға ортақ мүлікті күтіп-ұстау, жалпы жиналыстар өткізу және тұрғын үйді тиімді басқару мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы кезеңде басқарушы ұйымдардың қызмет сапасын арттыру, тұрғын үйлердің техникалық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу және тұрғындардың өз үйлерін басқаруға қатысты жауапкершілігін күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.
Комиссияда қаралған мәселелерді талқылау барысында депутаттар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев: қалаға қарасты екі ауылдық округтерде жоспарланған өрт сөндіру бекеттерінің мерзімінде ашылуы бағытында жұмыс жасау, қала аумағындағы жарамсыз гидранттарды ауыстыру, бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер белгілері орналасқан аумақтардың ағаштарын бірінші кезекте балақтау, депутат Р.Ысқақова: «Қызылорда тазалығы» МКК-ның жұмысшыларын жұмыс орнына тасымалдайтын қосымша автобустармен қамтамасыз ету, депутат Н.Тұрғанбаев: «Қызылорда тазалығы» МКК-на теңгеріміндегі техникалардың қыс мезгілінде үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін жылы бокстар немесе ангарлар салу және жұмысшыларды талапқа сәйкестендірілген жатын орындарымен қамтамасыз ету, депутат А.Мұсабаева: көпқабатты тұрғын үйлер аулаларындағы тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұрған көп жылғы ағаштарды кесу жұмыстарын ұйымдастыру, «Жаңа тұрғын үй» жобасы аясында Қызылорда қаласындағы ПИК төрағаларының біліктілігін арттыру, Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі ПИК-мен бірлесе көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатындағы кәсіпкерлік нысандарға мониторинг жүргізуі, көпқабатты тұрғын үйлердің цифрлық төлқұжатын әзірлеу, депутат Т.Мақаш: қала аумағындағы жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарын қоғамдық даму бөлімі арқылы насихаттауды күшейту, Белкөл кенті аумағындағы ескі қоқыс полигонын жабу мәселесін шешу ұсынылды.
Сонымен қатар, талқылау барысында бірқатар көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару ұйымдарының төрағалары тарапынан берілген ұсыныстары да назарға алынды.
Комиссия отырысында берілген ұсыныстар тұрақты комиссия қаулысына енгізіліп, тиісті шешімдер қабылданды.
Комиссия жұмысы «Youtube» (ютуб) арнасы арқылы тікелей эфирден көрсетілді.