Әлеуметтік саладағы өзекті мәселелер талқыланды

Әлеуметтік саладағы өзекті мәселелер талқыланды

   Кезекті сессияда әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды мемлекеттік қолдау және жұмыспен қамту мәселесі талқыланды.
   Бүгін, 17 маусым күні қалалық мәслихаттың кезекті 53 сессиясы өтті. Сессияға қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев төрағалық етті.
   Сессия отырысында «Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын шараларды іске асыру бойынша әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы жандарға көмек көрсету және оларды жұмыспен қамтудың жай-күйі туралы» мәселесі талқыланып және қала, кент және ауылдық округтердің бюджеттерінің атқарылуы жөніндегі есептері бекітілді.
   Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Қызылорда қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы К.Құрақбаева, баяндама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
   Бүгінде Қызылорда қаласында 15 мыңнан астам мүгедектігі бар адам, 36 мыңнан астам зейнеткер және 16 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрады. Осы санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында бөлім тарапынан 16 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіліп, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар тұрақты түрде берілуде.
2026 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 2762 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 962,4 млн теңге төленді. Сонымен қатар, жекелеген санаттағы азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге 349,7 млн теңге бағытталды.
   Мүгедектігі бар азаматтарды оңалту және қолдау шаралары аясында әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 9 мыңнан астам адамның өтінімі орындалды. Сондай-ақ, жеке көмекші, ымдау тілі маманы қызметтері ұйымдастырылып, инватакси қызметімен 700-ге жуық азамат қамтылуда.
   Қалада кедергісіз орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл бейімделуі жоспарланған 216 нысанның 200-і интерактивті қолжетімділік картасына енгізіліп, жоспар 93 пайызға орындалды.
   Жұмыспен қамту саласында өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 3473 жұмыс орны құрылды. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар, «Күміс жас», «Бастау Бизнес» және онлайн оқыту жобалары жүзеге асырылуда.
   Сонымен қатар, бөлімге қарасты әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға, зейнеткерлерге, пробация есебіндегі азаматтарға және белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдарға кешенді әлеуметтік қызметтер көрсетілуде.
   Сонымен қатар, Қызылорда қаласы бойынша аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларында қалыптасқан бос орындар толықтырылып, тиісті өзгерістер енгізілді.
   Сессия қарауына шығарылған негізгі мәселені талқылау барысында бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев: цифрландыру заманында мүгедектердің құжат тапсыруын жеңілдетуді қарастыру, түрлі санаттағы азаматтардың мемлекеттік қолдауларды пайдаланып, әлеуметтік масылдыққа бармауын назарға алу, депутат М.Есжанов: әлеуметтік көмек алуға байланысты құжат тапсыруды жеңілдету жолдарын қарастыру, Сол жағалаудағы № 28 көпқабатты тұрғын үйге пандус салу, ауылдық елді мекендердегі жазатайым үйі өртенген адамға көрсетілетін әлеуметтік көмекті ұлғайту, депутат А.Мұсабаева: мектепке дейінгі жастағы мүгедектігі бар балаларды балабақшаларға орналастыру, депутат Ғ.Байсеитов: мүгедектігі бар адамдарға берілетін гигиеналық құралдардың берілуі кезіндегі Заң аясындағы талаптардың сақталуына бақылау жасау мәселесін ұсынды.
   Сонымен қатар, сессия отырысында сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Шәменов қаладағы ардагерлерге көрсетіліп жатқан қолдауларға алғысын айтып, ардагерлер атынан ардагерлердің қоғамдық көліктерде жеңілдіктермен жүруі, зейнеткерлерге жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын заманауи жабдықталған жаңа ғимаратқа көшіру, тыл ардагерлеріне теңестеру, санаторлық шипажайларға жолдама беру туралы бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
   Сессия отырысында негізгі мәселе бойынша қосымша хабарлама жасаған депутат М.Бисенова қала бойынша осал топтағы «D» және «Е» санатына тіркелген отбасыларға және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту шараларын күшейту, Мемлекеттік басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа жұмыс орындарын құру арқылы тұрақты жұмыс орындарының үлесін арттыру, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін «Кедергісіз орта құру» шеңберінде кәсіпкерлік нысандарда, қоғамдық орындарда, көп қабатты тұрғын үйлерде аялдамаларда орналасқан пандустарды талапқа сәйкестендіру, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетуді күшейту, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және «Мансап» орталығының филиалы орналасқан ғимаратта мүгедектігі бар адамдарға арналған екінші қабатқа көтерілгіш құрылғысын орнату, бөлімге қарасты «Отбасын қолдау орталығы» орналасқан ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, зейнеткерлерге жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын заманауи жабдықталған жаңа ғимаратқа көшіру туралы ұсынысын жеткізді.
   Сессия отырысына қала әкімінің орынбасары Д.Тұрсынбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департаменттері, «Әлеуметтік медициналық сақтардыру қоры» коммерциялық емес АҚ облыстық филиалының өкілі, қалалық дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар, кент және ауылдық округтердің әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
   Сессия қарауына ұсынылған барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
   Сессия жұмысы «Youtube» арнасы арқылы тікелей эфирден көрсетілді.