Қызылорда қалалық мәслихатының кезектен тыс 50 сессиясы өтті

Қызылорда қалалық мәслихатының кезектен тыс 50 сессиясы өтті
  2 наурыз күні қалалық мәслихаттың кезектен тыс 50 сессиясы өтті. Сессияға қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев төрағалық етті.
  Сессияның күн тәртібіне «2026-2028 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетін бекіту туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №314-45/1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» және «2026-2030 жылдарға арналған Қызылорда қаласының даму жоспарын бекіту туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы №341-47/1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселелері шығарылып, талқыланды.
  Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова хабарлама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
  Сессияда қалалық бюджетке өзгерістер енгізу барысында бюджет кірістерін ұлғайту есебінен, қаланың әлеуметтік және коммуналдық-шаруашылық салаларына қаражаттар бағытталды.
  Атап айтқанда:
 - Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аумағын күрделі жөндеуге;
 - Қызылорда қаласының көшелерін салуға;
 - Қызылорда қаласының тұрғын аудандарымен көшелерін күтіп ұстау жұмыстарына;
 - Қызылорда қаласында Н.Назарбаев даңғылы, А. Иманов көшесі, Бозғұл-1 көшесі, Наурыз және Ш. Есенов көшелерін реконструкциялау және күрделі жөндеуге;
 - Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 7 қабатты 84 пәтерлі үйдің құрылысына;
 - Психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балаларға үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұйымдастыруға;
 - Қызылорда қаласында көпірден Су торабына дейінгі учаскеде жаяу жүргіншілер жолы мен веложолдарды орналастыра отырып Сырдария өзенінің қорғаныш бөгетін бекітуге бағытталды.
  2026-2030 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бекітілген даму жоспарына өзгерістер енгізіліп, Инвестициялық жоспардың «Өмірдің жаңа сапасы» бағыты бойынша коммуналдық тұрғын қорынан тұрғын үй сатып алу, инженерлік инфрақұрылымды жобалау, дамыту және жайластыру, сумен жабдықтау, газбен қамтамасыз ету, тағы басқа да бағдарламаларына облыс әкімдігінің 2026 жылғы 21 қаңтардағы, 4 ақпандағы қаулыларымен және қала әкімдігінің 2026 жылғы 23 қаңтардағы қаулысымен бөлінген қаржылар енгізіледі. Сонымен қатар, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2025 жылғы 30 қазандағы Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес тәулік бойы қызмет көрсететін жаңа кітапхана ғимаратын салу қажет екені көрсетілді. 2026 жылы 20 қаңтарда Қ.К.Тоқаев төрағалық еткен ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында драма театрын салу қажеттілігі көрсетілді. Осыған байланысты инвестициялық жоспарға «Қызылорда қаласында 600 мың кітап қорына арналған кітапхана құрылысы» және «Облыстық драма театры құрылысы» енгізіледі.
  Сонымен қатар, сессия қарауына «Қызылорда қаласының коммуналдық мүлік деңгейінде тіркелген жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге мүліктік жалдағаны (жалға алғаны) үшін жалға төлемақысының мөлшерлемелеріне келісім беру» туралы шешім жобасы ұсынылып, бекітілді.
  Күн тәртібіндегі мәселелерді қарау барысында депутаттар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды.
  Сессия отырысына қала әкімінің орынбасары, дербес бөлімдердің басшылары мен тиісті қалалық мекемелер басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия қарауына шығарылған барлық мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
  Сессия отырысында сөз алған қала әкімінің орынбасары А.Нұрмағанбетов Қызылорда қаласының бюджетін нақтылау барысында және 2026-2030 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бекітілген даму жоспарына енгізілетін өзгерістер аясында қаладағы іске асатын ауқымды жобалар туралы айтып өтті.
  Сессия жұмысы «Youtube» (ютуб) арнасы арқылы тікелей эфирден көрсетілді.