Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысы өтті

Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысы өтті
2026 жылдың 11 ақпан күні Қалалық мәслихаттың экономика, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік сала және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысы өтті.
Комиccия жұмысына тұрақты комиссия төрағасы М.Әбдіқалықов төрағалық етті.
Комиссия отырысына «Талсуат және Ақжарма ауылдық округтерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттері туралы» мәселесі шығарылып, талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Талсуат және Ақжарма ауылдық округтерінің әкімдері Е.Бейсенбаев, С.Әбдіреев хабарламаларын жасап, сұрақтарға жауап берді.
Талсуат ауылдық округі бойынша 2025 жылы жалпы бюджет 212,5 млн теңгеге бекітілген. Ауылдық округте 186 шағын кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасайды. 2025 жылға 12 айдың қорытындысымен 7 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 7 тұрақты жұмыс орны ашылған. 2025 жылы «Бизнес-Бастау» бағдарламасы аясында 7 тұрғын оқу курсын аяқтап, қайтарымсыз грантқа өтініш беріп, оның 5 – уі грант алған.
2025 жылы қалалық бюджеттен толық көлемде қаржыландырылып, ауыл тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген мәселесінің бірі болып келген - ауылдық округ аумағында орналасқан әлеуметтік қызмет көрсететін
3 мекемеге жаяу жүргіншілер жолын салу мен көше жарығын жүргізу мәселесі өз шешімін тапты. Сонымен қатар, тағзым алаңында абаттандыру және көркейту мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстары және бірқатар көшелерге жарық жүргізілді.
2026 жылы Талсуат ауылдық округінде бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін қаржы толықтай бөлінді. Атап айтқанда, Құмкөл, Ақмешіт, Атырау және С. Нұрмағамбетов көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарына қаржысы қарастырылып, облыстық бюджеттен бөлінді.
Ақжарма ауылдық округі бойынша 2025 жылы жалпы бюджет 2025 жылы бюджет 474,0 млн. теңгеге бекітілді.
2025 жылы 74 кәсіпкерлік субъект тіркелген. «Бизнес-Бастау» бағдарламасы аясында 4 тұрғын оқу курсын аяқтап, қайтарымсыз грантқа өтініш беріп, грант иегері атанған.
Баймұрат батыр ауылына аяқ су айдайтын d 200 мотопомпа (су айдау насосы) алынды. Демеушілікпен Шіркейлі каналынан Баймұрат батыр ауылына аяқ су келетін кіре беріс үлкен сағасына жаңадан d 500 мм болатын құбыр салынды. Ақжарма ауылдық округін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан оң қорытынды шығып, қаржысы бюджеттен бөлінді. Сонымен қатар, Талдыарал елді мекеніндегі балалар ойын алаңына ағымдағы жөндеу, құрылғыларын ауыстыру жұмыстарына қажетті қаражаттар бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Баймұрат батыр ауылындағы 19 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Ауылдық округтердің есептерін тыңдау барысында депутаттар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев: Ақжарма ауылдық округіндегі жайылымдық жерлерді қайтарып, халықтың пайдалануына беру, мал шаруашылығын дамыту, ауылдық округтердің қала халқын бау-бақша өнімдерімен, жеміс-жидектермен қамтамасыз ету бағытында жұмыс жасауы, ауыл әкімдерінің жан-жақты инвестиция, қаражаттар тарту көздерін қарастыруы; депутат М.Есжанов: Талсуат ауылдық округіне екі спорт алаңын салу, ауыз су мәселесін шешу, Талдыарал елді мекенінің электр жарығы мәселесін шешу туралы ұсыныстары айтылды.
Комиссия отырысына қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев, қалалық мәслихат депутаттары және қала әкімінің орынбасары А.Нұрмағанбетов, тиісті облыстық басқармалардың жауапты мамандары, қалалық дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, Талсуат және Ақжарма ауылдық округтері ардагерлер кеңесінің төрағалары мен қоғамдастық жиналысының төрағалары, БАҚ өкілдері қатысты.
Комиссия соңында қала әкімінің орынбасары А.Нұрмағанбетов сөз алып, ауылдық округ әкімдері инвестиция тартумен айналысып, кәсіпкерлікті дамыту, бюджеттік қорды қалыптастыру, салық базасын кеңейту бағытында жұмыс жасап, өңдеу өнеркәсібімен айналысуға көңілдерін бөлу керектігін айтып өтті.
Комиссия отырысында көтерілген депутаттардың ұсыныс-пікірлері, тұрақты комиссия қаулысына енгізіліп, тиісті шешімдер қабылданды. Комиссия жұмысы «Youtube» арнасы арқылы тікелей эфирден көрсетілді.