Бүгін, 27 қараша күні қалалық мәслихаттың кезектен тыс 44 сессиясы өтті. Сессияға қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев төрағалық етті.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы К.Құрақбаева, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Қайруллаев, қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы М.Сәтбай, қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы М.Әжібеков хабарламалар жасап, депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар берді.
Атап айтқанда, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хатының негізінде сессия қарауына шығарылған «Қызылорда қаласы бойынша 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін қуғын-сүргіндерге ұшыраған адамдарға бір жолғы әлеуметтік көмекті - 60 АЕК мөлшеріне көбейту» және «Табысы аз отбасылардан шыққан балаларға оқу жылы кезеңінде қоғамдық көлікте жол жүруге ай сайын – 1 (бір) АЕК мөлшерінде көмек көрсету туралы» мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тауып, шешім қабылданды.
Сонымен қатар, сессияда «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидасын бекіту туралы» ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 1 тамыздағы №211 бұйрығына сәйкес «Ұлы Отан Соғысы» тізіміне енген 1 (бір) адамды және ерлікпен қаза тапқан күштік құрылымның 6 (алты) қызметкерлерінің есімдерімен Қызылорда қаласындағы «Бәйтерек» шағын ауданындағы атаусыз көшесін, Саяхат ш/а
№ 15, 16, 17, 19, 23, 28 көшелерін атау туралы ұсыныстар мақұлданып, Қызылорда қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешімдері қабылданды. Қабылданған бірлескен шешім ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылады.
Күн тәртібіне сәйкес қалалық мәслихаттың қарауына ұсынылған «Қызылорда қаласында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде, төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығы мөлшерлемесінің мөлшері 4 (төрт) пайыздан 2 (екі) пайызға дейін төмендету туралы» мәселе депутаттар тарапынан қолдау тапты. Бұл өз кезегінде бизнес арасында салық төлеуден жалтару мәселелерін азайтуға және бизнес-ахуалды жақсартып, көлеңкеден шығаруға өз септігін тигізеді.
Сонымен қатар, сессияға Қызылорда қаласының жерлерін аймақтарға бөлу жобасының (схемасының) негізінде Қызылорда қаласында жер салығының мөлшерлемелері ҚР Салық кодексiнiң 577 және 578-баптарында белгiленген жер салығының базалық мөлшерлемелерiнен 35 (отыз бес) пайызға жоғарылату ұсынылып, талқыланып, шешім қабылданды.
Өз кезегінде, қалалық мәслихатқа ұсынылған шешімдердің жобаларына ҚР Әділет министрлігінен келісім, қалалық Қоғамдық кеңестен ұсыным, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасынан, облыс әкімдігі жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестен оң қорытындылар алынып, «Ашық НҚА» интернет-порталында жария талқыланған.
Сессия отырысына қала әкімінің орынбасары А.Нұрмағанбетов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры П.Сыздық, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ф.Қожабергенов, қалалық аумақтық комиссияның төрағасы Ғ.Баймырзаев, қалалық дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысы «Youtube» (ютуб) арнасы арқылы тікелей эфирден көрсетіліп, мәслихаттың gov.kz ресми сайтында жарияланады.