Бүгін, 5 қараша күні Қызылорда қалалық мәслихатының экономика, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік сала және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Комиccия жұмысына тұрақты комиссия төрағасы М.Әбдіқалықов төрағалық етті.
Күн тәртібіне «Қызылорда қаласында ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының орындалу барысы туралы», «Қала аумағында жергілікті өнеркәсіп орындары мен өңдеу өнімдерін дамыту мен іске асыру барысы туралы» мәселелері шығарылып, талқыланды.
Бірінші мәселе бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г. Баймаханова хабарлама жасады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №270 қаулысымен бекітілген «2023–2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын» іске асыру аясында Қызылорда қаласының ауылдық аймақтарында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Инфрақұрылымды дамыту бойынша елді мекендерде ауыз су – 100% қосылған, газдандыру деңгейі – 61,5%, 5 елді мекенді газдандыруға жобалау жұмыстары жүргізілуде, 2023–2024 жж. – 79 көше (69,4 км) пайдалануға берілсе, 2025 жылы 27 көше (30,2 км) көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Электр желілерін жаңғыртуға 3 629,9 млн.теңге бөлініп, 123,6 км желі салынуда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылы Қызылжармада 600 орындық мектеп ашылып, 2026-2027 жылдары Маханбет ауылында мектеп салу жоспарлануда. Денсаулық саласында 2 жаңа нысан пайдалануға берілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы М.Жетілгенов хабарлама жасады.
Биылғы жылдың 1 қазанына қала көлемінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 401,6 млрд. теңгені (81,9%), оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 78,4 млрд. теңгеге (100%) жетті.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлердің жобаларын жеңілдетілген несиелендіру шаралары жыл сайын артып келеді. Өз кезегінде, өндіріс саласындағы жобаларға ерекше назар аударылып, басымдық берілуде.
Мәселен, биылғы жылы екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы құны 3,6 млрд. теңгеге 64 жоба қаржыландырылса, оның ішінде 2 млрд. теңгені құрайтын 32 жоба өндіріске бағытталған.
Облыс әкімінің қолдауымен жергілікті деңгейде өндіріс саласын қаржыландыру шаралары үздіксіз жүзеге асырылуда.
Өткен жылдан бастап «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ арқылы «Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеуді дамыту» пилоттық жобасы іске қосылып, өткен жылы 299,5 млн. теңгеге 16 жоба, биылғы жылы 293,5 млн. теңгеге 7 жоба қаржыландырылды.
Комиссияда қаралған мәселелерді талқылау барысында депутаттар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды.
Атап айтқанда, депутат М.Есжанов қалаға қарасты 5 елді мекеннің (Белкөл кенті, Қосшыңырау, Қызылөзек, Ақсуат, Ақжарма ауылдық округтері) бас жоспарын жаңарту, Қарауылтөбе елді мекеніндегі тұрмысы төмен отбасына берілген 33 баспананың құжаттарын реттеу және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, ауылдық округтерде қоқыс қалдықтары мен ірі құрылыс, мал қиындыларын шығаратын талапқа сай келетін полигондар салу мүмкіндігін қарастыруды, депутат А.Мұсабаева кент, ауылдық округтерде салық түсімдерін көбейтіп, өз кірістерін қаржыландыру бағытындағы жұмыстарды қолға алу, ауылдарға кәсіпкерлік нысандар мен инвестиция тарту мақсатында әкімдер рейтингісін жасап отыру, депутат А.Төлегенова Тасбөгет кентінің бас жоспарын дайындауды мерзімінде аяқтау, “Даму” бағдарламасы бойынша 2-ші деңгейдегі банктер арқылы берілетін несиелердің пайызын төмендетуді, мәслихат төрағасы И.Құттықожаев “Ауыл аманаты” жобасы аясында берілген жобалар бойынша нақты жұмыс орындарын көбейту, қалада тұрғындардың күнделікті қажеттілігін өтейтін кәсіптерді көбейту, ауыл әкімдерінің 5 жылдық жұмыс жоспарын дайындап, инвесторлар тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жеке белсенділігін бағалайтын жұмыстарды жүзеге асыруды, депутат Б.Сыздықов өңдеу өнеркәсібі бағытында іс бастайтын азаматтардың мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруге ынталандыру, ол бағытта кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Комиссия отырысына қала әкімінің орынбасары Д.Абизов, тиісті облыстық басқармалар мен департаменттің, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ, облыстық кәсіпкерлік палатасы, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы» өкілдері, қалалық дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.