Сіздерді ел тарихындағы ең маңызды мерекелердің бірі 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесімен құттықтаймын!
Республика күні – ел бірлігі мен тұтастығын, Егемендігіміздің қадір-қасиетін дәріптейтін мерейлі мереке. Бұл – өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қарауға шақыратын, елдік пен еркіндіктің символы.
Бүгінгі таңда еліміз тұрақты даму жолына түсіп, саяси-экономикалық және әлеуметтік бағытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елді технологиялық жаңғыру мен интеллектуалды даму бағытына бастап, ел экономикасын дамытудың 7 маңызды бағыттарын айқындап берді. Бұл стратегиялық бағыттар еліміздің ұзақ мерзімді дамуына серпін беріп, Әділетті және Күшті Қазақстан құру жолындағы нақты қадамдарға жол ашады.
Біздің өңірімізде осы бастамаларды жүзеге асыруда өз үлесін қосып, ауыл шаруашылығы мен шағын бизнесті дамытуда, жаңа жұмыс орындарын ашуда, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды жаңғыртуда нақты нәтижелерге жетіп отыр.
Бұл жетістіктердің барлығы – сіздердің еңбектеріңіздің, бірліктеріңіздің және туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңіздің жемісі.
Осы қасиетті мерекеде баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен береке-бірлік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болсын!