ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС 40-СЕССИЯСЫ ӨТТІ.
Бүгін, 2025 жылғы 15 тамыз күні қалалық мәслихаттың кезектен тыс 40-сессиясы өтті.
Сессияға қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев төрағалық етті.
Сессияның күн тәртібінде «Қызылорда облыстық ономастика комиссиясының қарауына Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат, Қызылжарма, Талсуат ауылдық округтерінің кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру жөніндегі ұсыныстарды енгізу туралы», «Қызылорда қалалық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы», «Қызылорда қаласында 2025 жылға арналған кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төменгі мөлшерін бекіту туралы» мәселелері шығарылып, талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Тажмаханов, қалалық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы М.Әжібеков, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы А.Рысбек хабарламалар жасап, сауалдарға жауаптар берді.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына және тиісті нормативтік актілерге сәйкес, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына (2025 жыл) орай Кеңес Одағының Батырлары мен ҰОС ардагерлерінің есімдерін көшелерге, даңғылдарға, білім беру мекемелеріне беру мәселесі қаралды.
Белгіленген критерийлерге сәйкес, Қызылорда қаласы және ауылдық округтер бойынша барлығы 53 ардагердің есімі республикалық ономастика комиссиясына ұсынылды. Нәтижесінде 48 есім қолдау тапты (оның ішінде қала бойынша – 31, Қызылжарма а/о – 9, Талсуат а/о – 4, Ақсуат а/о – 3, Ақжарма а/о – 1). Қалған 5 ұсыныс қолдау таппады.
2022 жылғы 18 мамырында Қызылорда қаласында кондоминиум объектілерін басқару және ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшері 1 м² үшін 23 теңге болып бекітілген. Соңғы үш жылда құрылыс материалдары мен коммуналдық қызметтер тарифтері 50%-дан астам қымбаттап, қолданыстағы мөлшердің жеткіліксіздігі анықталды.
Қаладағы 1020 көппәтерлі тұрғын үйдің 740-ында ПИК, 40-ында МИБ жұмыс істейді. ЖК «Asi Service» мекемесі жүргізген есепке сәйкес, Қызылорда жағдайында 1 м² үшін 35 теңге мөлшері орынды деп танылды. Басқа облыс орталықтарында тариф 27–65,58 теңге аралығында, Қызылорда — ең төмен деңгейде (23 теңге).
2025 жылға ең төмен мөлшерді 35 теңгеге бекіту үйлерді сапалы күтіп-ұстауға, инженерлік желілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Шешім жобасы Ашық НҚА порталында жарияланып, тиісті келісімдер алынған.
Сессия қарауындағы мәселелерді талқылау барысында депутаттар тарапынан келесі ұсыныстар айтылды:
- кондоминиумды басқару және күтіп-ұстау шығындарының өзгеруі жөнінде тұрғындарды алдын ала хабарлау;
- тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, пәтер иелері кооперативтерінің қызметін сапалы және уақтылы орындауын қамтамасыз ету, олардың жауапкершілігін арттыру;
- апаттық жағдайда деп танылған үйлердің тұрғындарын көшіру және оларды жалдамалы пәтерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу.
Сессия қарауына ұсынылған барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Сессия жұмысы «Youtube» платформасы арқылы тікелей эфирден көрсетілді.