Меркі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихат төрағасы Мұратбек Болысбекұлы Көкрекбаевтың төрағалығымен сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті қырқыншы сессиясы өтті.
Сессия жұмысына аудан әкімі Ербол Жұмабекұлы Жиенқұлов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде маңызды мәселелер қаралды. Олардың қатарында:
Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының Меркі ауданында іске асырылу барысы туралы;
«2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Меркі аудандық мәслихатының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы №36-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
Меркі ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы;
Меркі ауданы әкімдігі жанындағы арнаулы комиссиялар мен кеңестердің дербес құрамдарын бекіту мәселелері.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндаманы аудан әкімінің орынбасарлары М.Өмірбек, Қ.Арғымбаев, Е.Әбілдаев жасап, ауылдық аумақтарын дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының іске асыру барысы туралы кеңінен талқылады. Екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы А.Ахметшанов хабарлама жасап, аудандық бюджетке енгізілетін өзгерістер жайлы айтып өтті.
Сессия барысында аудандық мәслихат депутаттары М. Көкрекбаев, А.Құрманалиев, Н.Сейсенбаев, Ұ.Жекебаев, Қ.Молдашев және А.Хейроев күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сұрақтар қойып, нақты жауаптарын алды.
Сессия барысында талқыланған мәселелер Меркі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды шешімдерді қабылдауға негіз болды. Алдағы уақытта осы бағытта атқарылатын жұмыстар тұрақты бақылауда болады.