Меркі ауданында әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту мәселесі қаралды

Меркі ауданында әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту мәселесі қаралды

2025 жылғы 23 маусымда аудандық мәслихаттың мәжіліс залында «Әлеуметтік салалар, депутаттық этика, жастар ісі, құқықтық тәртіп және қоғамдық ұйымдармен байланыстар жөніндегі тұрақты комиссиясының» отырысы өтті.

Комиссия отырысына аудандық мәслихат төрағасы Мұратбек Болысбекұлы Көкрекбаев, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасары Ернар Ғалиұлы Әбілдаев, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Тұрар Аманбайұлы Дулатбаев, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Базарбайұлы Әкек қатысты.

Күн тәртібінде Меркі ауданы бойынша әлеуметтік осал топтар санатындағы азаматтарды баспанамен қамту мәселесі қаралды. Бұл – аудан үшін аса маңызды әрі өзекті тақырыптардың бірі.

Аудан әкімінің орынбасары Е.Әбілдаев күн тәртібіндегі мәселе бойынша есепті баяндама жасап, аудан көлемінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, аталған мәселе бойынша жүргізілген зерделеулер нәтижесімен комиссия төрағасы К.Шағатаева қосымша баяндама ұсынды.

Зерделеу жұмыстары барысында тұрғын үй комиссияларының қызметі, тұрғын үй кезегін жүргізу тәртібі, берілген баспаналардың сапасы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй саясаты бойынша бірқатар елеулі сын-ескертпелер айтылды.

Отырыстың қорытындысында аудандық мәслихат депутаттары М.Көкрекбаев, К.Шағатаева, Н.Сейсенбаев, Б.Қыстауов әлеуметтік осал топтағы азаматтарды сапалы баспанамен қамту, мемлекеттен бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатты игерілуі, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының орындалу тиімділігі, тұрғын үй құрылыстарының сапасы сияқты мәселелер бойынша өз пікірлері мен нақты ұсыныстарын ортаға салды. Қаралған мәселе бойынша арнайы комиссия қаулысы қабылданды.