КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯ ОТЫРЫСЫНДА

КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯ ОТЫРЫСЫНДА
2026 жылғы 22 сәуір күні аудандық мәслихат төрағасы Талғат Көлкебаевтың төрағалығымен аудандық мәслихаттың кезектен тыс елу екінші сессиясының отырысы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімінің орынбасары Дархан Тлеуов, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің басшылары, қоғамдық кеңес төрағасы қатысты.
Отырыс барысында келесі мәселелер қаралып, талқыланды:
1. Мәртөк аудандық мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы № 268 «2026–2028 жылдарға арналған Мәртөк аудандық бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
2. № 1 бір мандатты сайлау округі бойынша депутат Р.Ж.Айтқалиевтің депутаттық сауалы туралы;
3. № 10 бір мандатты сайлау округі бойынша депутат Т.О. Көлкебаевтың депутаттық сауалы туралы;
4. № 11 бір мандатты сайлау округі бойынша депутат А.Е. Искариннің депутаттық сауалы туралы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айжан Жұмабаева баяндама жасап, аудан бюджетінің кіріс бөлігі жоспарының орындалмауына байланысты кейбір салық түрлері бойынша жоспарланған түсімдердің 751,5 мың теңгеге азайтылатындығын атап өтті. Осыған сәйкес бюджеттің шығыс бөлігі де оңтайландырылып, басым бағыттар сақтала отырып, 2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджет нақтыланды.
Сессия барысында депутаттар бюджеттік қаражатты тиімді әрі мақсатты пайдалану, әлеуметтік маңызы бар жобаларды уақтылы іске асыру, сондай-ақ аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған шаралардың орындалуы жөнінде бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Депутаттық сауалдар шеңберінде Мәртөк ауданындағы бірқатар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеу бойынша әзірленген жобаларды қаржыландыру мәселелері, Сарыжар ауылында заманауи алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығын салу, сондай-ақ аудан аумағындағы бірқатар жалпы білім беретін мектептердің жанынан оқушыларға арналған спорт алаңдарын салу мәселелері көтерілді. Аталған мәселелер бойынша тиісті облыстық басқармаларға ресми сауалдар жолданды.
Сессия жұмысының қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, бекітілді.