МӘРТӨК АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯСЫ ӨТТІ

МӘРТӨК АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Аудан әкімі Медет Ысқақов пен аудандық мәслихат төрағасы Талғат Көлкебаевтың қатысуымен аудандық мәслихаттың кезектен тыс қырық тоғызыншы сессиясы өтті. Сессия барысында 2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджет нақтыланып, бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

Алғашқы болып сөз алған аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Диас Қадыров қаржы жылының басында қалыптасқан бос бюджет қалдықтарын бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлу жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, қаражаттың басым бөлігі елді мекендерді газдандыру жұмыстарына, кәсіпкерлікті қолдау шараларын іске асыруға, сумен жабдықтау мұнараларын жөндеуге, сумен жабдықтау нысандарына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге және өзге де ағымдағы шығындарға бағытталған.
Сонымен қатар сессияда Мәртөк ауданының ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салаларының мамандарына, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне 2026 жылға әлеуметтік қолдау көрсету туралы шешім қабылданды.
2026 жылға арналған әлеуметтік қолдау шаралары мыналарды қамтиды:
- 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде көтерме жәрдемақы;
- тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит:
• аудан орталығында 2500 АЕК (10812500 теңге);
• ауданның өзге елді мекендерінде 2000 АЕК (8650000 теңге).

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудандық мәслихаттың «Мәртөк ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді. Өзгерістерге сәйкес, азаматтардың табысы ескеріле отырып, жылына бір рет 30 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсету көзделеді. Бұл көмек әлеуметтік мәні бар аурулардың біріне шалдыққан тұлғаларға, көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған азаматтарға, жетім балаларға, жасына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын адамдарға, пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларға беріледі.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша сайлау комиссиялары құрамындағы бос орындар туралы аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Тыныспаев хабарлады.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Медет Ысқақов қабылданған шешімдердің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететінін атап өтіп, тиісті бөлім басшыларына жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.