Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді

«AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай арнайы іс-шара ұйымдастырылды.

Аталған шара барысында Марқакөл ауылының тұрғыны, тыл ардагері Фатхутдинова Күлзира мен Қалжыр ауылының тұрғыны, тыл еңбеккері Биязбаев Сабырбектің үйлеріне арнайы барып, құрмет көрсетілді.

Тылда аянбай еңбек етіп, Жеңіске өз үлесін қосқан тыл ардагерлеріне Қазақстан Республикасының Президенті қол қойған 2025 жылғы 28 сәуірдегі Жарлыққа сәйкес «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалі табысталды. Сонымен қатар, аудан әкімінің арнайы құттықтау хаты мен азық-түлік себеті ұсынылды.

Іс-шараға аудан мәслихаттың төрағасы Мамырбек Жәлімханович Кәлелов қатысып, ардагерлерді мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Қазақтың салт-дәстүріне сай әйел тыл ардагердің иығына камзол жабылып, басына шыт тартылса, ер тыл ардагерге шапан жабылып, зор ілтипат пен ризашылық көрсетілді.

Ардагерлеріміздің өнегелі өмірі – жас ұрпаққа үлгі, нағыз тағылым мектебі. Олардың қажырлы еңбегі мен Отанға деген адалдығы мәңгілік жадымызда сақталады.

Құрметті ардагерлер!

Сіздерді Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздің төзімділігіңіз бен ерен еңбегіңіздің арқасында бүгінгі ұрпақ бейбіт әрі бақытты өмір сүріп келеді. Сіздер – патриоттықтың, табандылықтың және еңбекқорлықтың жарқын үлгісісіздер. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық пен бақ-береке тілейміз!

Ұлы Жеңіс – ұрпақтар сабақтастығының айшықты белгісі ретінде әрдайым құрметпен еске алына бермек.